Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда көктайғақтан адамдар құлап, ауруханаға таңылып жатыр

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2016
  • 3867

Атырауда қар араласқан жаңбыр соңы көктайғаққа ұласты. Салдарынан таңмен жұмысқа ағылған халық діттеген жеріне жете алмай, ауруханадан бір-ақ шықты. Таңертеңгі тек екі сағаттың ішінде облыстық аурухананың зақым- жарақат бекетіне 20 адам түрлі  жарақатпен түскен. Олардың барлығы көшеде тайып құлағандар.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Атырау облыстық ауруханасының зақым-жарақат бекетінің алды науқастарға лық толы. Көк мұзға тайып, қолын шығарып, омыртқасын ауыртып, тіпті миы шайқалғандар бар. Дәрігерлер көмек көрсетіп үлгермей жатқандарын айтады.

Асхат Бисенғалиев, Атырау облыстық ауруханасы зақым-жарақат бекетінің меңгерушісі:

Таңертеңгі 9-дан бастап екі сағатың ішінде 20 шақты науқас қаралды. Көбінде білек сүйектері сынған, бас ми шайқалғандары, омыртқаларын ауырытып алғандар кездесіп жатыр. 5 науқасқа гипс салынды, үйлеріне қайтарылды, екі науқас ауруханаға жатқызылды ми шайқалуымен. Көбіне адамдардың санының артқан уақыты қауырт кезде, таңертеңгі жұмыс уақытына бара жатқан кезде кездесіп тұр.

Көшеде аяғын аңдап басқандардың коммуналды қызметке деген өкпесі қара қазандай. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін жолға құм мен тұз сеппек түгілі, мұзды оюды ұмытқан,- дейді олар.

Жаңылсын Бермаханова,  Атырау қаласының тұрғыны:

Жүре алмай келе жатырмыз, кісі ұстап келе жатырмыз ғой енді. Бір-бірімізді демеп. Зейнеткерміз. Тайғақ, ия, тазаламайды. Мынау орталық көше ғой. Орталық көше тазаланбағасын, біздің сауда базасы жақта тіпті ешкім ештеңе жасамайды. Асфальт ортасында қар үйіліп жатыр. 

Базарбай Айтқалиев, Атырау қаласының тұрғыны:

Халықтың жағдайын ойлап, тазалау керек, құм төсеу керек. Кезінде осының бәрін қолға алып жүрді ғой мекемелер.  Қазіргі кезде білмеймін, жағдайлары келмей ме, жасағысы келмей ме, қайсысын айтып тауысасың. Барлық жерде осындай. Құлап жатқандар, мертігіп жатқандар бар, жасыратыны жоқ.

Тазалыққа жауапты «Арнаулы автобаза» мекемесі басшылығы қаланы қамтып үлгермей жатқанын мойындайды. Өйткені жаяу жүргінші жолдарының тарлығынан, көлік кіру мүмкін емес, сондықтан жұмысшылар қолмен амалдайды.  Салдарынан жұмыс өнбейді деп отыр.

Қиамеден Шманов, «Арнаулы автобаза» КМК басшысының орынбасары:

Орталық көшелерге шашылған, шет жақтарына үлгере алмай жатырмыз, кешке дейін шашып үлгереміз. Тұзды су да құйып жатырмыз. 10 шақты машина тұзды су құйып жатыр, қалғандары топырақ шашумен айналысып жатыр.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Дегенмен қала тазалығына жауаптылардың әзірге қырағы болуларына тура келеді. Өйткені ауа-райын болжаушылар  алдағы күндері температура -15 градусқа дейін төмендеп, қар жауады деп болжап отыр. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ