Русский Сайттың толық нұсқасы

Өнертапқыш жастар марапатталды

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2016
  • 3900

Республикалық «Nurintech» байқауы өз мәресіне жетті. Тікелей Елбасының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған өнертапқыш жастар додасына қатысуға 700-ге жуық үміткер өтініш берген. Бүгін ел бойынша көп ішінен топ жарған 30 үміткерді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед марапаттады. Дарынды жастар ІТ индустрия саласындағы инновациялық  туындыларын өздері ойлап тапқан. Олар негізінен жасыл энергетика, химия, биология, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беретін бірегей жобалар. Мұхтар Құл-Мұхаммед жастардың жобасына жоғарғы баға беріп, мұнан әрмен дамытуды тапсырды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Құрметті жастар, Елбасымыздың индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы Қазақстанда 1000-нан астам кәсіпорындардың ашылуына себеп болып қана қоймай, көптеген жаңа технологиялар мен инновацияға өріс ашты. Бүгінде бүкіл қазақстандықтар дәл осы үлкен инновациялық технологиямен айналысу үстінде. Әсіресе, еліміздің ЭКСПО-2017 астанасы болуы инновациялық дамуға үлкен серпін беруде. 

Бас жүлде 2 млн теңгені еншілеген - қарағандылық Нұржан Есмағамбет. Жас өнертапқыш өз жобасының маңызды екенін айтады. Ол мобильді пилотсыз ұшу аппараты арқылы болашақта ғаламтор арқылы сауда-саттық жасау жеделдетіледі, - дейді. Мұнан өзге, түйе сүтінен витаминге бай йогурт жасау және қант диабетімен ауыратын жандарға күніне төрт рет егілетін «инсулин» дәрісін алмастыра алатын инъекция ойлап тапқандар да бар. Енді олар өз жобаларына инвесторлар тартпақ ниетте.

Айдана Есенова, «Nurintech» конкурсының жеңімпазы:

Бүгінгі жобаға өзімнің түйе сүтінен жасалған қауіпсіз және сапалы иогурт сусынын ұсынып отырмын. Мұндағы мақсатым - әр түрлі жастағы тұтынушыларға емдік-профилактикалық қасиетке ие йогурт сусынын ұсыну. Қазіргі уақытта маңызды деп ойлаймын.

Динара Молдағалиева, «Nurintech»  конкурсының жеңімпазы:

Менің жобам аса маңызды. Өздеріңіз білесіздер, қант диабетімен ауыратын жандар күніне 3-4 мәрте инсулин дәрісін қабылдауға мәжбүр. Ал бұл инъекция бір рет қабылдаса, 1 апта инсулинді алмастыра алады. Елімізде 300 мыңға жуық адам осы дертке шалдыққан. Біз оларға көмектесе аламыз деп ойлаймын.