Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін ескі көпір апатты жағдайда тұр. Қатты аязда темір қоспалардың арасы ажыраған. Осыдан 60 жыл бұрын салынған өткел ауыр жүк көліктерін көтермейді. Сондықтан, салмағы 10 тоннадан асатын техникалардың қозғалысына шектеу қойылған. Ал көлік жүргізушілері өткелден өтуге қорқатындарын айтады.
Бейбіт НҰРӘЛИН, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:
Күнде жүреміз. Күнде жүреміз деп айтуға болады. Енді қауіпті. Адамдар жүріп жатады өміріне қауіпті деген жағдай ғой. Енді бұл көпірді жөндейтін уақыт келді. Мысалы, тарс-тұрс етіп жатады өткенде темірлері шығып жатады сондай жағдайда. Соны істесе деп айтамыз енді.
«Қазавтожол» мамандары көпірді күнделікті бақылау барысында темір қоршау мен қоспаларының арасы ажырағанын анықтады. Дереу тексеру жүргізген олар қауіп жоқтығына көз жеткізіпті. Айтуларынша, көпірдің негізгі тірегіне зақым келмеген. Ал «Қазавтожол» мекемесі ескі көпірдің орнына жаңасын салмақ. Бірақ, оның қашан салынары белгісіз.
Алексей ЛОГВИНЕНКО, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК ПОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тексеру нәтижесінде көпірдің қатты аяздан жетінші және тоғызыншы бағандарынының арасындағы темір қоспалар дәнекерленген жер үзіліп кеткен. Ал тіректері қанағаттанарлық жағдайда. Ал бұдан келіп кетер қауіп жоқ. Үзілген қоспалар қайта жалғанды.