Шахтерлер немесе басқа да зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген адамдар 55 жаста зейнетке шыға алады. Келер жылы 1 қаңтардан бастап 37 мың адам арнаулы әлеуметтік төлемді алады. Ол шамамен - 208 мың теңге. Сенат еңбек жағдайлары зиянды орындарда жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңды мақұлдады.
Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат - азаматтардың қоғамдық бірлестіктер құру рәсімдерін жеңілдету және зиянды жұмыстарды істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру. Яғни, азаматтар 55, не 63 жаста зейнетке шағатындарын өздері шешеді. Ал арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін беріледі.
Әсем Рахметова, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Төлемдер мыналардан тұрады: бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы, жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем, сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.
Арнаулы әлеуметтік төлемді тау-кен, медицина, өңдеу өнеркәсібінде, шахтада жұмыс істеп жүрген адамдар алады. Келер жылы 1 қаңтардан бастап 37 мың адам осы төлеммен қамтылмақ.
Назгүл САҒЫНДЫҚОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Орташа сомасы 208 мың теңге болады. Өздеріңізге мәлім, республикалық бюджет туралы заң қабылданды. Сол заңда ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 мың теңге деңгейінде бекітілді. Яғни республикалық бюджеттен 86 мың теңге, жұмыс берушіден 43 мың теңге бөлінеді. Тағы 43 мың теңгені өмірді сақтандыру компаниясы төлейді. Сондай-ақ орташа есеппен 35 мың теңге зейнетақы қорынан аударылады.
Вице-министрдің айтуынша, бұл жәрдемақыны алу үшін қызметкерлер жұмыс орны бойынша кадр бөліміне хабарласып, тиісті өтініш жазуы қажет. Бұл ретте шахтер зиянды еңбек жағдайындағы жұмысын тоқтататынын және кез-келген басқа жұмысқа ауысатынын мәлімдейді. Осы өтініш Еңбек министрлігінің жүйесіне автоматты түрде жіберіліп, бұл адамға арнаулы әлеуметтік төлем бекітіледі.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Заңда ұзақ уақыт зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүрген азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында қосымша кепілдіктер қарастырылған. Осылайша, Президентіміздің бастамасымен көптен бері елдің көкейінде жүрген мәселелердің бірі өз шешімін тауып отыр. Бұдан бөлек, жазатайым оқиғалардан сақтандыру жағдайларын реттейтін нормалар да жетілдірілді.
Сонымен қатар Үкіметтің құзыретіне айлық жалақының ең төменгі мөлшерін айқындау жөніндегі әдістемені бекіту жөніндегі функцияны енгізу және мемлекеттік еңбек инспекторларының өкілеттіктерін күшейту жөніндегі түзетулер енгізілді. Осылайша, қабылданған шаралар жұмыскерлерді зиянды өндірістік факторлардың әсерінен босатуды ынталандыруға және мемлекет, жұмыс беруші, өмірді сақтандыру компаниясы және бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры арасындағы ортақ жауапкершілікті бірдей бөлуді көздейді.