Русский Сайттың толық нұсқасы

Көмекке ешкім келмеген: Туысының мәйітін алып бара жатқан әйел Алматы-Шымкент жолында қалып қойды

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2023
  • 1012

Әлеуметтік желіде Алматы-Шымкент тас жолында ауа райына байланысты жолда қалғандарды құтқаруды сұраған жазба пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.

Лязат Ситчанова есімді желі қолданушысы жолда қалған құрбысын құтқаруды сұрап жазба жариялаған.

“Достар, маған көмек керек, құрбым кеше Шымкентке жүк көлігімен (туысқанының мәйітін алып, Шымкентте жерлеуге алып бара жатыр) жолға шықты, жол ашық болған, бірақ көлік жолдан шығып кетті, олар шыға алмай қалды, жанармайлары бітуге таяу. Төтенше жағдайлар министрлігіне қоңырау шалдық, кеше күтіңдер деді, келіп қарап, сосын кетіп қалған. Мүмкін төтенше жағдайлар министрлігінде біреудің достары бар шығар, жақын жерде біреудің туыстары немесе достары бар шығар, көлікті шығаруға трактор керек”, – делінген жазбада.

Сондай-ақ, жазбаға құрбысының мекен жайы көрсетілген сілтеме де жүктелген. Сілтемеден көліктің тұрған жері Жамбыл облысының аумағында екенін көруге болады.

Stan.kz тілшілері төтенше жағдайлар департаментінен осы жағдайға байланысты сауал жолдады.

“Қазір Жамбыл және Түркістан облысында құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күні бойы жұмыс жүргізілді. Ол жерде қазір қатты боран, ештеңе көрінбейді. Сондықтан ол жерлерге құтқырушылардың жетуі де қиын. Қазір бірінші кезекте балаларды құтқарып жатыр. Дәл осы адамдарды құтқардық немесе нақты осы уақытта құтқара аламыз деп нақты ақпарат бере алмаймыз. ТЖД сайтында қанша адамның құтқарылғаны, қанша көліктің жолда тұрғаны туралы толық ақпарат бар”, – делінген ТЖД баспасөз қызметінің жауабында.