Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысында жасөспірімдер жасаған 72 қылмыс тіркелген

  • AstanaTV
  • 18 желтоқсан 2023
  • 1092

Атырау облысында жыл басынан бері тіркелген қылмыстың дені меншікке қарсы және қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты болып отыр. Ал, қылмыс жасаған күдіктілердің арасында 1 қыз бар, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, жасөспірімдер тарапынан жасалған 72 қылмыс тіркелген.

«Жыл басынан бері жасөспірімдер қылмысының алдын алу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жедел профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Жасөспірімдер меншікке қарсы және қоғамдық тәртіп бұзу секілді қылмысты жасауға бейім. Осындай қылмыстың 65-ін балалар жасағаны анықталды. Бірақ, бұл көрсеткіш өткен жылғы дерекпен салыстырғанда 5,8 пайызға төмен. Күдікке ілінген жасөспірімдердің біреуі – қыз бала. Ал, 13 жасөспірімнің жасы 14-15-те болса, 52-сі 16-17 жаста», - дейді Әбдіғани Сейдуалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында адам өлтіру, кәмелетке толмағандарды зорлау қылмысы өскенін хабарлаған едік.

Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері 15%-ға (40-тан 46-ға дейін), адам өлтіруге оқталу 40%-ға (5-тен 7-ге дейін), өзiн-өзi өлтiру 48%-ға (325-тен 348-ге дейін), адам өлтіру 75%-ға (7-ден 12-ге дейін) өскен. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды зорлау 60%-ға (5-тен 8-ге дейін), жас балаларды азғындық жолға түсіру 75%-ға (4-тен 7-ге дейін) артқан.