Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте мас күйдегі ер адамды ұрып өлтірді деген жігіт 8 жылға сотталды

  • AstanaTV
  • 18 желтоқсан 2023
  • 1263

Шымкентте қыркүйек айында мас күйдегі ер адамды өлтірді деген күдікке ілінген азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Кінәлі деп танылған 20 жастағы жігіт 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, сотталушы да, жәбірленуші тарап та оқиға орнында кәмелет жасына толмаған 2 жасөспірімнің болғанын және олардың да жазалануын талап етіп отыр.

Отырар арнасының жазуынша, Шымкентте масаң күйде болған ер адамды ұрып өлтірген жігітке қатысты сот үкімі шықты. 2003 жылы туған сотталушы азамат ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

«ҚК 106-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын, оған 8 жыл мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Тәуекелге жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтеу белгіленсін», - деді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Айнель Орақбаева.

Шулы оқиға биыл 9 қыркүйекте болған. Мас күйдегі Толқын Абдрахмановтың жас жігіттермен ерегесіп, арты төбелеске ұласқаны бейнежазбаларға түсіп қалған. Марқұмның жары, сапардан келген күйеуі жігіттерден тек су сұрағанын айтады.

«Видеода айдан анық көрініп тұр барлығы. Бұлар 4 бала болған, төртеуі ұрған, екі қыз болған алдында, екі қыз да қарап тұр. Не жедел жәрдем шақырмаған, не көмекке ұмтылмаған. Барлығы бірге болған, бір-бірін таниды. Қалған үш жігіт жазадан құтылып отыр. Бәрі осыған сен жазаңды алсаң, аз уақыт аласың, мойындай бер деп қорқытқан», – дейді марқұмның жары Алтынай Айтқұлова.

Кінәсін мойындаған 2003 жылғы жігіт соңғы сөзінде судьядан төбелес кезінде болған жасөспірімдер де жазаға тартылуын сұрады. Сөзінше, беттестіру кезінде ұрғандарын мойындаған олар, кейіннен сөздерінен тайқып шығыпты. Алтынай Айтқұлова күйеуінің өліміне тек бір адамның ғана жазалануына келіспейді. Оқиға орнында болып, жарын соққыға жыққан кәмелетке толмаған жігіттер де жазасын алсын дейді ол.

«Соңына дейін үміттеніп келдік, барлығын тартатын шығар жазаға деп. Ең болмаса бұзақылықпен де қамалған жоқ. Маған бала-шағама материалдық шығын төлесін. Асыраушымнан айырылдым, 5 балам қалды, тұратын үй-жайым жоқ. Қазір сотқа қатысу үшін жұмысқа да шыға алмаймын. Асыраушымнан айырылдым, далада қалдым. Балаларымды қасыма алып келгім келеді. Ешқандай адам 5 баламен кіргізбейді», – деді марқұмның әйелі.

Марқұмның артында 4 ұлы мен 1 қызы қалды. Жары өзі кінәлап отырған жасөспірімдердің тіпті кешірім сұрап келмегенін айтып, материалдық шығын талап етіп отыр. Судья оларға қатысты 27 қазандағы Абай аудандық полиция басқармасы тергеушісі қаулысының заңдылығын тексеруді аудандық прокурорға тапсырып, 1 ай уақыт берді. Ал 20 жастағы сотталушы 8 жыл жаза мерзімін орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.