Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте опырылған мәдениет сарайының үйіндісі астынан студенттің денесі шығарылды

  • AstanaTV
  • 19 желтоқсан 2023
  • 962

Шымкентте опырылып құлаған «Фосфоршылар» мәдениет сарайы ғимаратының үйіндісі астынан 18 жастағы студенттің денесі шығарылды.

Сағат 22.30-да Шымкент құтқарушылары мен кинологтар 2005 жылы туған жасөспірімнің мәйітін үйінділер астынан жарты метр тереңдікте тапқан.

Медицина колледжінің екінші курс студенті оқиға болған сәтте ғимарат ішінде 16 және 18 жастағы өзінің екі курстасымен бірге болған. Олар нысан құлаған уақытта қашып үлгерген.

Еске салайық, қайғылы оқиға 18 желтоқсан, сағат 19.48-де болды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, бала ғимарат ішіне видео түсіремін деп кірген болуы ықтимал.

Жуырда ғана қала әкімдігінің меншігіне қайтарылған үш қабатты «Фосфоршылар» сарайының шатыры бірінші қабатқа дейін опырылып түсті.

Кейін үйінді астында қалған студент Орта Азия медицина колледжінің екінші курсында оқитыны белгілі болды.