Русский Сайттың толық нұсқасы

Талғарда Қарақұл Татанұлы атындағы еркін күрестен облыстық турнир өтті

Алматы облысы Талғар қаласында Қарақұл Татанұлы атындағы еркін күрестен облыстық турнир өтті. Спорттық сайысқа Алматы және Жетісу облысы мен Алматы қаласынан 300-ден астам жеткіншек қатысты.

10-13 жас аралығындағы спортшыларға арналған шара биыл үшінші рет ұйымдастырылды. Темірлан Кенжеқарай - 11 жаста. Ол Алматы облысының Жамбыл ауданынан келген. 30 – шы салмақта күрескен жеткіншек қарсыласын басып озып, 1-ші орынға ие болды.

Темірлан КЕНЖЕҚАРАЙ, ЖЕҢІМПАЗ:

Мен осы жарысқа 1-2 айдай дайындалдым. Медаль алғаныма өте қуаныштымын. Өскенде олимпиада чемпионы болғым келеді. Еркін күреске 4 жылдай қатысып келемін. Көптеген жарыстарды ұтқам. Көбінесе 1-ші орындар.

Балалар жалпы саны 14 салмақ бойынша күресті. Екі күнге созылған сайыстың жеңімпаздарына алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Бұл игі шараның өтуіне облыс әкімдігі, сондай-ақ отыз ұлымен бірге Отан үшін шайқасқан әйгілі батыр Қарақұл Татанұлы атындағы қор атсалысты.

Нұрболат КӘРІМОВ, ТАЛҒАР АУДАНЫ ЕРКІН КҮРЕС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Биылғы жылы еркін күрестен бір баламыз әлем чемпионы болды. Сол сияқты әлем чемпионы болып, болашақта әлем шыңдарын бағындырсын деп балаларға осындай мотивациялық турнирлер өткізіп жатырмыз. Бұл турнирдің басты мақсаты – жастарды спортқа баулу, патриоттық сезімін ояту.

Ұйымдастырушылар келер жылы турнирді республикалық деңгейге шығаруды жоспарлап отыр.