Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысында тарихи тұлғаларға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

«Тарих және рухани сабақтастық». Атырау облысы Қызылқоға ауданында есімдері алты алашқа мәшһүр тарихи тұлғаларға арналған ғылыми практикалық конференция өтті. Қазақтың өр рухты ақыны Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл, ел азаттығы үшін жыр толғаған зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлының туғанына 180 жыл және Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз һәм ғалым Халел Досмұхамедовтің туғанына 140 жыл толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар мен зерттеушілер ой толғады.

Шежіреге толы, киелі Қызылқоға өңіріне ғана емес, ел тарихы үшін бұл шараның орны бөлек. Ел мұраты жолына өмірін арнаған тұлғалардың есімін жаңғыртып, мұрасын насихаттау. Шараға жиналған ғалымдардың айтары мол. Халелтануға қайталанбас қолтаңба қалдырған Аманқос Мектептегінің айтуынша, жазбаларының кей бөлігі жойылуына байланысты, Халел мұрасының зерттелмеген тұстары көп, толық жинағы басылып шықпады.

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ХАЛЕЛТАНУШЫ:

Толық жинағында жазылатын дүниелер көп деп ойлаймын. Кейбіреулерін саналы түрде бала-шағасы өртеген. Өйткені, қайта-қайта неше түрлі жала жапты ғой. Адал атын қаралады соған күйінген, өздерін қудалады. Соған шыдамай кей жағдайда өртеген жағдайдар болды. Толық жинағында әлі табылатын дүниелер көп деп ойлаймын. Халекең көп қырлы, көп сырлы ірі тұлға мың жылда бір туатын. Халекеңе байланысты әр ұрпақ өзінің сөзін айтады.

Филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбай Махамбет Өтемісұлының шығармасындағы тілдік ерекшелікке кеңінен тоқталды. Ол тарихи тұлғаларымыздың мұрасын ұлттық код ретінде тану керек дейді.

Орынай ЖҰБАЙ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Махамбеттің өлеңдерінде тіл білімінде қазіргі кезде көп парадигмалар жаңадан шығып жатыр. Мысалы коммуникативті лингвистика, функционалды лингвистика. Егер Махамбет өлеңдерін сол тұрғыда қарастыратын болсақ мысалы тілдік тұлға ретінде қарастыратын болсақ және әр бір нәрсесінің концепт тұрғысынан қарастыратын болсақ оны жаңа қырынан аламыз. Махамбеттің өлеңдерін, Мұрат Мөңкеұлы, Халел Досмұхамедұлы, жалпы біздің бұрынғы нәрселердің бәрін ескеріп қалған көненің бәрін бір сарқыты деп қарамай ұлттық кодты іздейтін болсақ көп нәрсе табамыз.

Конференция барысында Халел, Мұрат, Махамбетке ескерткіш орнату, әлеуметтік ғимараттарға есімдерін беру, Халел энциклопедиясын жинақтау, сармат қорымын зерттеу сияқты ұсыныстар айтылды.