Русский Сайттың толық нұсқасы

"AMANAT" партиясы Алматы облысында 213 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтарды

Алматы облысында 213 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне өтті. Бұл "Жер Аманаты" жобасы аясында жүзеге асты. Жалпы бір жарым жыл ішінде ел бойынша 10 миллион гектар жер қайтарылды. "Бізді ауыл шаруашылығымен айналысып, мал өсіруге ынтамызды арттырды."

"Жер Аманаты" республикалық комиссиясының Еңбекшіқазақ ауданы Масақ ауылында өткен кездесуінде тұрғындар осылай деді.

Жер тапшылығы, ұңғымалардың жетіспеушілігі, субсидиялардың төмен деңгейі және дизель отынының бағасы. Бұл мәселелерді Еңбекшіқазақ ауданы Қазтай Ұлтарақов ауылының фермерлері "AMANAT" партиясының мүшелерімен кездесуде көтерді. Партиялықтар ауыл шаруашылығы және жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселесімен бір жарым жылдан бері айналысып келеді. Осы уақыт ішінде 10 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 213 мыңы Алматы облысында.

Дәулет КӘРІБЕК, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ, "ЖЕР АМАНАТЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстан бойынша 10 миллион гектардан астам жерді біз осы бір жарым жылдың ішінде қайтарып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай осы “Жер Аманаты” комиссиясы әділдік орнатумен жүр деп толық айта аламыз, өйткені осы заңсыз берілген, пайдаланылмай жатқан жерлер, одан бөлек жаңағы жер иеленушілердің басып алған жерлерідің барлығын біз осы сот арқылы, комиссия арқылы қайтарып жатырмыз. Қазір осы өзіміз тұрған Еңбекшіқазақ ауданында бір жылдың ішінде 48 мың гектар жыл қайтарылды.

Бұған дейін жергілікті тұрғындар партияға жер тапшылығы туралы шағымдармен жүгінген. Мысалы, Іле Алатауы Бұғыты жотасының аумағындағы ірі жер учаскесі кентке жақын орналасқан кезде жеке қолға өткен. Нәтижесінде - "Жер аманаты" комиссиясының көмегімен екі мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне алынып, жалпы пайдалануға берілді. Бұл шаралар" бізді ауыл шаруалығымен айналысып, мал өсіруге ынтамызды арттырды", - дейді фермерлер. Бастысы заңсыз алынған жердің мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанына сенімдері артқанын айтады.

Рыскелді ЖАКАБАЕВ, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір ауыл деген сөз ең алдында айтылатын болып жатыр. Соған қуаныштымыз. Соған қызмет етіп жүрген сіздерге рақмет. Жер қайтып жатыр, еліміз орнына келіп жатыр. Ауылдың өзі тойса, содан кейін береді ғой. Өзіміз жарымай қалатын едік. Енді ақырын ақырын шығарып беруге де жағдайымыз келе жатыр. Соған құдайға шүкір дейміз. Сеніміміз артып жатыр.

"Жер аманаты" республикалық комиссиясының мүшелері жайылымдық жер мәселесі еліміздің барлық аймағында өзекті екенін атап өтті.

Бақытжан БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "ЖЕР АМАНАТЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМИССИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз негізгі міндетімізді, яғни жайылымдық егістік жерлерді қайтаруды жүзеге асырудамыз. Әрине, біздің басты міндетіміз-бірінші кезекте ауылдық елдімекендерді жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету. Осыған байланысты қазір Парламент Мәжілісінде жайылым мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралуда. Онда өте маңызды түзетулер қарастырылады.

"AMANAT" партиясының мүшелері сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы үш жылда Алматы облысында 260 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруға ниетті. Бүгінде бұл жоспар 82 пайызға орындалды.