1 қаңтардан бастап кәсіпкерлер дүние мүлкі, табысы жайлы жалпыға бірдей декларация тапсырады. Бұл ретте мал мүлкін жасырып қалуға тырысатындар жоқ емес. Оларға қандай жаза қолданылады? Кәсіпкерлер нені ескеруі керек? Толығырақ "Экономика" топтамасында.
Елімізде шет тілі курстарына сұраныс жылдан жылға артып келеді. Сондықтан болар қосымша білім беру қызметінің құны қымбаттай түсуде. Бір жылда 11,8 пайызға көтерілген. Жетісу облысында 60 пайызға, Алматыда 25, Қарағандыда 20, Қостанай облысында 17 процентке өскен. Ал Астана, Шымкент және Алматы облысында бағада өзгеріс жоқ. Биыл ел бойынша тіл курстары 10,3 млрд теңгенің қызметін көрсеткен. Басым бөлігі Алматы қаласына тиесілі. 3,4 млрд теңге. Елордада да тура осы көрсеткіш. 1,4 млрд теңгемен Атырау облысы үштікке кіреді. Жетісу облысында 19,5 млн теңгеге тіл үйренген.
Еңбек демалысын қай уақытта алған дұрыс? Қай айда демалсам қалтаға ауыр соқпайды? Бұл сұрақтар көпшілікті мазалайтыны рас. Сәуір, шілде және қыркүйек айларында 22 жұмыс күні бар. Мамандар дәл осы уақытта еңбек демалысына шығу ұтымды дейді. Демалысты мереке немесе сенбі, жексенбі күндеріне сәйкестендіріп алсаңыз аз күнде көп уақыт демалуға болады. Қараша, қаңтар, ақпан секілді күн салқын кезде тынығам деп шешсеңіз қолайлы бағамен шетелге саяхаттасаңыз болады. Ал егер қаржы шетел аспасын десеңіз жазды күткен абзал. Себебі, өзімізде де арзан бағамен керемет бағдарламалар жетеді.
Елімізде 2 жарым миллионнан астам мемлекеттік қызметкер мен оларға теңестірілгендер және жұбайлары декларация тапсырды. Оның 8 мыңнан астамы кәсібін, дүние мүлкін жасырып қалуға тырысқан. Енді келер жылы декларациялаудың 3-ші кезеңі басталады. Оны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсыруға міндетті. Бұл санатқа 3 млн 900 мың адам кіреді. Олар салық есептілігін электронды түрде 15 қыркүйекке дейін ұсынуы қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті 3 ай қатарынан әр түрлі нөмерден 100 аударым түскен банк картасының иесін тексеріп, заңсыз кәсіппен айналысып жатқанына көз жеткізеді. Егер заң бұзушылық анықталса, тапқан табысының 10 пайызын салық ретінде төлеуге міндеттелуі мүмкін.
Нұржан ҚУАНДЫҚОВ, ҚМ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
Бақылау шаралары адал салық төлеушіге әсер етпейді. Тіркеусіз жүзеге асатын немесе кірістерді жасыратын кәсіпкерлерге ғана әсер етеді. Жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, балаларына көмек ретінде төлем жіберсе мобильді аударымдар жасай алады. Бұл ретте мұндай аударымды декларациялаудың қажеті жоқ.