Русский Сайттың толық нұсқасы

Табысы жоқ жастарға несие беруге шектеу енгізілмек

  • AstanaTV
  • 20 желтоқсан 2023
  • 936

Қазақстанда табыс көзін көрсететін құжатсыз жастарға несие беруге тыйым салынбақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев айтты.

«Несие беру кезінде банк қарызды кімдер алып жатқанына қарауы керек. Онда тиісті тармақ ескерілген. 21-ге толмаған адам онлайн-кередит алу кезінде оны қай табыс көзі арқылы өтейтінін көрсетуі керек. Қазір ақшасы мен жалақысы болмаса да, бірнеше несие алып жатқан студенттер көп. Әрине, табыс көзі болмаса, несиені өтей алмайтыны түсінікті жағдай», - деді Б. Бейсенғалиев агенттік тілшісінің сұрақтарына жауап бере отырып.

Депутаттың айтуынша, студенттер бір несие алып, екіншісін жабуға пайдаланады.

«Бір несие алып, онымен екіншісін жауып тастайды. Осылай қарыздары жинақтала береді. Бұған жол бермеу үшін тиісті шектеу қарастырылған. Кірісті растайтын құжатсыз 21 жасқа толмаған адамға несие беруге тыйым салынады», — деп түсіндірді Берік Бейсенғалиев.

Бүгін хабарланғанымыздай, Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.

Бұл құжатта несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі болған жағдайда азаматтарға жаңа тұтынушылық несиелер беруге тыйым салу, 90 күн кешіктірілгеннен кейін барлық несие бойынша пайыздарды есептеуге тыйым салу, сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарының коллекторлық агенттіктеріне азаматтардың несиелерін сатуына шектеу енгізу және тағы да басқа нормалар қарастырылған.