Русский Сайттың толық нұсқасы

Көкшетауда жергілікті тұрғынның қымбат көлігін белгісіз біреу өртеп кеткен

  • AstanaTV
  • 21 желтоқсан 2023
  • 1132

Көкшетауда өзгенің көлігін қасақана өртеп жіберген күдікті ұсталды. Полиция ер адамның қылмысқа бару себебін анықтап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақмола облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 желтоқсанда Көкшетау қалалық полиция бөліміне көлік иесінен арыз түскен. Зардап шегушінің сөзінше, белгісіз біреулер түнде оның "Ниссан Патрол" автокөлігін өртеп жіберген.

"Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 202-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді (бөтеннің мүлкін қасақана жою). Жедел – іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары қылмыс жасалған ауданда орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларын көріп, сол маңдағы үйлердің тұрғындарынан жауап алды. Нәтижесінде екі тәуліктің ішінде күдікті ретінде СҚО ауылдарының бірінің 23 жастағы тұрғыны анықталды. Қазіргі уақытта полиция ер адамды мұндай қылмысқа баруға не итермелегенін анықтап жатыр", - деді ведомстводан.

ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабының 2-бөлігі бойынша күдікті 3-7 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзету жұмыстарына тарту, иә болмаса 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге шектеу қою немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.