Русский Сайттың толық нұсқасы

"Ұлттық ойындарға жанашырлық танытып, оны дәріптеп жүрген азаматтарға ризашылығымды білдіремін", - Президент

«Алтын тұғыр-2023» сыйлығы өз иегерлерін тапты. Ұлттық спорт бойынша халықаралық, республикалық бәсекелерде дара шыққан жеңімпаздарды марапаттайтын шара биыл оныншы рет ұйымдастырылды. Мерекелік шарада көкпар, бәйге, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, асық ату, тоғызқұмалақ, құсбегілік және «жыл жаңалығы» аталымдары бойынша үздік спорт саңлақтары мен жаттықтырушылар марапатталды.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Қазақ халқы мәдениет пен салт дәстүрге бай. Мына баспана болсын, ішкен асы болсын өзге ұлттікіне ұқсамайды, ерекше. Ал ұлттық ойындардың жөні тіптен бөлек. Соңғы жылдары ұлттық спортқа деген сұраныс артып келеді. Шұғылданушылардың саны 500 мыңға жеткен.

Аяулым Аппазова 2 жылдан бері садақ атумен айналысады. Осы уақыт ішінде республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап, талай рет жеңіс тұғырынан табылған. Айтуынша, мергендікті тек спорт ретінде қарауға болмайды. Оның адам денсаулығына берері мол.

Аяулым АППАЗОВА, "ДӘСТҮРЛІ САДАҚ АТУ" НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

30 шәкіртіміз бар. Оның арасында республиканың чемпиондары бар. Негізі өзім ұлттық құрамаға кіремін. Биыл Румынияның Консанта қаласында әлем кубогін жеңіп алдық. Менің мектебіме барлығы дәрігердің нұсқауымен келеді. Көздің көру қабілетін күшейтеді, денсаулыққа пайдасы көп.

Биылғы шараға 500-ге жуық адам қатысты. Жиында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

"Бұл ұлттың келешегі. Ұрпақтың тәрбиесі үшін айрықша мәні бар оқиға. Ұлттық ойынымыз халқымыздың отаншылдық, адалдық, қайсарлық, жауапкершілік, ептілік сияқты қасиеттерінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына септігін тигізіп келеді. Ұлы даланы дүбірлеткен көшпенділер мәдениетін заман талабына сай бейімдеп, жаңғырту ұлтымыздың болмысын және бірегейлігін сақтауға әсер етеді. Осы орайда ұлттық ойындарға жанашырлық танытып, оны дәріптеп жүрген азаматтарға ризашылығымды білдіремін", - Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жеңімпаздарға 500 мыңнан 3 млн теңгеге дейін ақшалай сыйлық табысталды. Жиында ұлттық спорт түрлеріне арналған ойын-сауық алаңы құрылып, қазақтың салт-дәстүрі дәріптелді. Ұйымдастырушылар спортшылар мен бапкерлерге шабыттандыру үшін осындай рухани және идеологиялық шаралардың маңызы зор дейді.

Исламбек САЛЖАНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елімізде ұлттық спорт түрлері ауқымды дамып келе жатыр. Баршаңыз білесіз, келер жылы Астанада 5 дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Президент тікелей қадағалап отыр. Соған біз үлкен дайындық жүргізіп жатырмыз. Ол біз үшін үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік.

Шарада қонақтарға садақ ату, асық ату және тоғызқұмалақтан шеберлік сабақтары ұсынылып, қатысушылар өз күштері мен қабілетін сынға салды.