Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық ғалымдар ойлап тапқан туберкулезге қарсы дәрі 2018 жылы қолданысқа енеді

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2016
  • 4336

Қазақстандық ғалымдардың туберкулез дертіне қарсы ойлап тапқан ФС-1 препараты 2018 жылы тіркеуден өтуі мүмкін. Оған дейін жоба авторлары клиникалық сынақтың соңғы сатысын аяқтамақшы. Бұл туралы біздің арнаға Жұқпалы ауруларға қарсы ғылыми зерттеу институтының басшылары мәлімдеді. Құрт ауруына қарсы отандық дәріні қазір 80 науқас сынақ түрінде қабылдап жатыр. Препаратты сынақтан өткізу процесіне жақында ресейлік және үнді мамандары да қатыспақ.

Александр Ильин, «Жұқпалы ауруларға қарсы ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы:

Арнайы талаптар бойынша белгілі бір мөлшерде бұл дәріні науқастар қабылдауы шарт. Кем дегенде 500 адам оны қабылдап, ауруынан құлан таза айығып кетсе, дәрі-дәрмек клиникалық сынақтан сәтті өтті деген сөз. Қазір бұл препаратты сынақ түрінде Ресей науқастары да тұтынатын болады. Аталған процесс 2018 жылы аяқталуы тиіс.

Айта кетейік, ФС-1 препаратын жақында Қырғызстанда туберкулезге шалдыққан науқастар да тұтынған болатын. Бірақ осы аралықта екі науқас көз жұмып, көрші елдің дәрігерлері қазақ ғалымдарын кінәлаған еді. Алайда арнайы тексеру барысында, марқұмдардың аталған препараттан емес, өзге дәріні қабылдағаннан қайтыс болғаны анықталыпты. Ал Жұқпалы ауруларға қарсы ғылыми зерттеу институты жалған ақпарат таратқан БАҚ өкілдерін сотқа берген.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ