Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе мен Алматыда лаңкестерді ұстау кезінде ерлік көрсеткендер марапатталды

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2016
  • 3663

Тәуелсіздік күні қарсаңында лаңкестерді ұстауда ерлік көрсеткен алматылық және ақтөбелік бір топ құқық қорғаушылар мемлекеттік марапаттарға ие болды. Олардың кейбіріне жоғары дәрежелі атақ қайтыс болғаннан кейін беріліп отыр. Сонымен, «Айбын» ордені мен «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне таққан кімдер? Жақсыбек Кемал баяндасын.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бесінші маусымда ерлікпен қаза тапқандардың бірі - Мейірхан Тәжібаев. Жедел күзет бөлімінің қызметкері - лаңкестер мына қару-жарақ дүкеніне шабуылдағанда алғашқы болып қарсыласқандардың бірі. Дегенмен, оның өзі де қылмыскерлердің оғынан қаза тапты.

Теракт кезінде баласынан көз жазып қалған Мейірханның әкесі әлі күнге өз-өзіне келе алар емес. Елгезек ұлы сол күні әріптесінің өтінішін жерге қалдырмай, оның орнына кезекшілікке шыққан еді. Оның ерлігі ескерусіз қалмады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов оған тиесілі «Ерлігі үшін» медалін әкесіне табыстады.

Есенбай Тәжібаев, М.Тәжібевтың әкесі:

Папасы артында қалып, баласы кеткен қиын екен. Менің балам да, ойлаймын, ерлікпен Қазақстан үшін шейіт болды деп.

Салтанатты шарада лаңкестерге қарсы операциялар кезінде өжеттілік танытып, қызметтеріне үлкен абыроймен қараған 11 құқық қорғаушы марапатталды. Тоғыз адам "Ерлігі үшін" медалін алды. Ал, 3-інші дәрежелі «Айбын» орденін кеудесін таққан екі офицердің бірі полиция старшинасы Нұрлыбек Аманжолов. Ол қару-жарақ дүкенінен кейін көлікке отырып қашқан екі қылмыскерді ұстауда ерлік көрсеткен. Ал өзі «мен бар болғаны міндетімді орындадым» дейді.

Нұрлыбек Аманжолов, полиция старшинасы:

Қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаннан кейін автокөлік алып кеткен болатын. «Пассат». Сол автокөлікті қолды қылған 2 лаңкесті Родниковка трассасында, қасымда жедел уәкіл Исанов Руслан дейтін және полиция подполковнигі Күнбатысов Зиядин - үшеуміз 2 азаматты құрықтадық.

Алматының ортасында ойран салған Руслан Күлекбаевтың қолынан бірнеше сақшы қаза болды. Олар мемлекеттік наградаларға лайық деп танылып, туыстарына тапсырылды. Қылмыскермен бетпе-бет кездесіп, оның әрекетін тоқтатқанмен, өзі оққа ұшқан Аян Ғалиевтің ерлігі елеусіз қалмады. 

Берік Бейсенқұлов, ҚР ІІМ орынбасары:

Тәуелсіздік жылдарында қызметін өтеу кезінде ішкі істер органдарының 837 қызметкері қаза тапты, 3 мыңы жарақат алды. Көрсеткен ерліктері, мінсіз қызметтері үшін 1100-і мемлекеттік марапаттарға ие болды. Өкініштісі, оның 115-іне атақ қаза тапқан соң берілді. Ал, екі офицер - Ғазиз Байтасов пен Қайрат Үмбетов - «Халық қаһарманы» деген жоғары атаққа ие болды.

Қаза тапқан полицейлердің отбасыларын қолдау мақсатында арнайы шот ашылып, жиналған қаржы мұқтаж жанұяларға берілген.

Жақсыбек КЕМАЛ, Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ