Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда «Тәуелсіздік - тірегім» атты облыстық жастар форумы өтті

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2016
  • 3540

Таразда «Тәуелсіздік - тірегім» атты облыстық жастар форумы өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты мұрындық болды. Жиында сан саладағы саңлақ жастарға құрмет көрсетілді. Кездесуде облыстың 10 ауданынан келген «Жастар ресурстық орталығының» директорлары арнайы алғыс хат алды. Сондай-ақ, 20-ға жуық тәуелсіздік құрдастары марапатталды. Олардың атқарған жұмыстарына алғыс айтып, көпке үлгі екендіктерін атап өтті.

Бақкелді Тұрсынбек, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы "Жас Отан" ЖҚ төрағасы:

Қазіргі таңда Жамбыл облысының жастары әлемдік аренада Қазақстанның атын шығаруға барлық деңгейде ат салысып жүр. Ешқандай бір жасымыз бейқам емес. Біз бұл Жамбыл облысы жастарының көзінен осы үлкен бір жалынды байқаймыз. Ал, қазіргі таңда, Елбасымыз айтқандай, біз Қазақстанның үкілеген жастарының тірегіміз. Сондықтан барлық аға буын өкілдерінің үкілеген үміттерін ақтаймыз деп сендіргім келеді. 

Шара концерттік бағдарламаға ұласты. Жас белсенділердің көңілін көтеруге барынша бағытталған форумда бұдан бөлек олардың жеткен жетістіктері мен еткен еңбектері сараланды. Мәселен, ағымдағы жылдың қараша айында өткен аймақтық автокеруенде облыс жастары ерекше көзге түскен. Олар алыстағы ауыл-аймақтың ахуалын біліп, жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіпті. Ал бұл бастамалары арнайы бейнеролик арқылы көпшілікке көрсетілді. Осы істері арқылы өзгелерге жасампаздық жол көрсеткен. Мұны да ескерусіз қалдырмаған облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы бір топ белсендіні алғыс хаттармен марапаттады.

Ақерке Құрбан, Жамбыл облыстық филармониясының қызметкері:

Бүгінгі мерейлі мереке қарсаңында баршамызды марапаттап жатыр. Және, әрине, бұл жастардың жасап жатқан еңбегінің арқасында деп білеміз. Қандай да бір сала болмасын, жастарымыз өте белсенді. Еліміздің көркейуіне барша үлестерін қосып жатыр.