Русский Сайттың толық нұсқасы

Нөсер жауын жауып, өзендер арнасынан асып жатыр

  • AstanaTV
  • 27 желтоқсан 2023
  • 1118

Германияда толассыз жауған нөсер жауын салдарынан бірнеше өзен суы арнасынан асып кетті. Осыған байланысты бірқатар елді мекен тұрғындары эвакуацияланды, деп хабарлайды Каzinform агенттігі Еuronews.com-ға сілтеме жасап.

Германияда бірнеше аймақтың, атап айтқанда Тюрингия мен Төменгі Саксонияның тұрғындары нөсер жаңбыр салдарынан Рождество күні үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Ерекше толассыз жауыннан жергілікті өзендер арнасынан асып, электр желілері мен кәріз жүйелері бұзылды.

Тюрингия губернаторы Бодо Рамелоу халықты сабыр сақтауға шақырады.

«Адамдар үш күн бойы үйлеріне қайта алмауы мүмкін және олар осыған дайын болулары керек. Олар үйлеріне біз жертөлелерден суды сорғытып, электр қуатын қалпына келтіріп, кәріз жүйесін жөндегеннен кейін ғана қайтады», - деді ол.

Көршілес Чехияда да ылғал көп, кей аудандарда жоғары деңгейлі дайындық режимі сақталып отыр. Жергілікті биліктің айтуынша, бұған жаңбыр да, мұздың белсенді еруі де себеп. Прагада кейбір паромдар жұмысын тоқтатты.

Нидерландыда синоптиктер қатты жаңбырға байланысты су деңгейінің динамикасын мұқият қадағалап отыр. Өзендерге іргелес жатқан аудандар ерекше бақылауға алынды.