Русский Сайттың толық нұсқасы

«Балаларына не дейміз?» Алматыда автобус қағып өлтірген ерлі-зайыптылар жерленді

  • AstanaTV
  • 27 желтоқсан 2023
  • 1074

Артында төрт баласы аңырап қалды. Алматыда автобустың астында ажал құшқан ерлі-зайыптыларды туыстары соңғы сапарға шығарып салды. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген марқұмдардың жұмыстан шығып, енді ғана үйіне бет алған кезі екен. Қара жамылған отбасы енді кінәлілер қатаң жазасын алса дейді. Бұл туралы КТК телеарнасы. 

Марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаевадан жақындары қапыда айырылып қалғанына әлі сенбейді. Қайғыдан қан жұтқан ағайын-туыстың марқұмдарды жер қойнына тапсырып келген беті осы. Артында аңырап 4 баласы қалған. Екеуі әлі кәмілет жасына да толмапты.

Гүлнәр Тұрсынбекова, туысы: — Үнемі екеуі бірге жүретін еді, сол күні де екеуі ойында ештеңе жоқ, балалары үйде күтіп отырғанын біледі, асығып келе жатқан ғой. Жолда көлік тоқтатып тұрды. Тура қосақтасып екеуі . Балалары түсінбейді әлі, олар біз келгенімізге қонақ деп, жүгіріп ойнап жүр, ертен мына адамның бәрі кеткеннен соң, не деп жауап береміз? Мамасын сұраса, папасын сұраса ,не деп айтамыз?

Ерлі-зайыптылар оқуға бірге түсіп, бірге аяқтаған. Жұмысқа да қол ұстасып бірге кіріпті. Екеуі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Сол күні мектептен шығып үйге қарай беттеген. Жол жиегіне тұрып, қала сыртына жүретін көлікті күткен. Сөйтіп ойламаған жерден автобустың астына түсіп ажал құшты.

Абдулла Құрбанов, туысы: — Қатты жылдамдықпен келді деді ғой, қашқан адамдарды көрдім. Қашып құтылғандар бар. Құтыла алмай қалған ғой, біздің балалар. Полиция қызметкерлері куәлігін алған да, тыныш отыра берген. ЖСН , басқасы бар, қазір дамыған кез ғой, бірден түнде хабарламай ма?!

Балаларының ең үлкені – 23, екіншісі – 18 жаста. Үшіншісі – 9-сынып оқушысы, ал кенжесінің жасы бесте. Артында шырылдап қалған олар тергеудің әділ жүріп, күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.


Сүйінбай Оңғарбеков, туысы: — Артында балдары қалды ғой. Кішкентай баласының өзі 5-6 жаста. Ол күнде мамасын сұрап отыр. «Неге мектептен қайтпайды» дейді. «Мамам қашан келеді « деп отыр. Барынша өзінің жазасын алсын. Ол қылмыс қой барып тұрған! Бір адамды емес бірнеше адамды басып өткен. Келіп, тіпті кешірім сұрамаған адамдарға не деп айтамыз? Автобус паркінен де келмеді ғой, ешкім ...

Қара жамылған отбасы автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап етеді. Бірақ ол ұзаққа созылатын сыңайлы.

Автопарктегілер бүгін бізге де жауап берген жоқ.

Еске салсақ, апат өткен жұмада Райымбек даңғылының бойында болған. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып өтіп, үш адам көз жұмып, төртеуі ауруханаға түскен. Апатқа жүргізуші мен жолаушы арасындаға дау себеп. Жолаушы рөлде отырған әйелді жұдырықтай жөнеледі. Соққыдан тізгіндегі әйел есінен танып, автобус жылдамдығын азайтпаған күйі жол жиегіндегілерді жайпап өткен. Қайғылы оқиға қатысты тергеу жүріп жатыр. Күдікті жолаушы екі айға қамауға алынған.