Қазақы жыл санау бойынша келер жыл – ұлу жылы. Астрологтардың пікірінше, ұлу жылы өте жайлы, жұмсақ жыл болып есептеледі. Сондықтан 2024 жыл халық үшін жайлы, мамыражай болмақ. Тақырыпты алдағы жылға болжам жасаған тілшіміз Динара Жақсыбайқызы тарқатады.
Күйеуіңіздің жұмысы оңынан. Шетелге көшесіздер, Америка деп түсіп тұр. Жалпы 2024-те Қазақстанның экономикасы дамиын деп тұр ғой.
Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Келесі жылға болжам жасадық. 2024 жыл аздап су тапшылығы болуы мүмкін. Бірақ молшылық жылы, әсіресе ақша көп болады дейді мамандар. Халықтың тұрмысы жақсарып, несиеден біраз тазарып қалады екен. Сондай-ақ ұлу жылында туу көрсеткіші артатын көрінеді.
«Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа», Өтіп бара жатқан жылға өкпеміз жоқ, келер жылдан күтеріміз көп. «Келер жылы елде қандай өзгерістер болады? деген сауалмен көріпкелдерге жүгіндік. «Битва экстрасенсов» тележобасының жетінші маусымындағы финалисі, елге белгілі көріпкел Бақыт Жұматова қазақ елін жақсы жаңалықтар күтіп тұрғанын айтады. Аздап су тапшылығы сезілуі мүмкін. Бірақ бұл проблема тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің біраз елінде болады, дейді экстрасенс.
Бақыт ЖҰМАТОВА, «БИТВА ЭКСТРАСЕНСОВ» ТЕЛЕЖОБАСЫНЫҢ ФИНАЛИСІ:
2024 жыл - өте тамаша жыл болмақ. Ақша көп болады. Біраз адам несиеден тазарады. Тек біздің елімізде ғана емес, сонымен қатар әлемде де керемет жаңалықтар орын алады. Бейбітшілік көріп тұрмын. Саясат сахнасында өзгерістер болады. Қазақстанның экономика және мәдениет салаларын оң серпіліс күтіп тұр. Біздің еліміз туралы әлемнің түкпір-түкпірінде жақсы пікірлер айтылады. Себебі бұл жылы біздің елімізде тек жақсылық болады.
Ал астрологтардың айтуынша, келер жылы елімізде ІТ саласы жоғарғы жетістіктерге қол жеткізіп, тағы бірқатар салада даму бар. Жұлдызшылар биыл 31 желтоқсан күні тілеген тілектер міндетті түрде орындалады, дейді.
Майя БЕСИМ, АСТРОЛОГ:
Келер жылы үш жоғарғы ғаламшар өзара үйлесім табады. Бұл біздің өмірімізге тікелей әсер етеді. Яғни, әр елге, адамзатқа тек жақсы жаңалық әкеледі. 2024 жылы елдер бір-біріне көмек көрсетуге әзір тұрады. Осы орайда біздің мемлекетіміз де қалыс қалмайды. Медицина, білім және ғылым салалары қарқынды дамиды.
Шүкірі аузынан түспейтін халықтың да өткен жылға назы жоқ. Жаңа жылдан тек жақсылық күтеді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Жақсылық көріп жатырмыз, Құдайға шүкір. Жақсы жылдарменен еліміз, халқымыз аман болсын.
- Биылғы жыл жақсы өтті. Келесі жылға одан да жақсылықтар тілейміз.
Ұлу жылына болжам жасаған мамандар келер жылы билікте де өзгерістер болатынын айтты. Барлығы тек оңынан дейді. 2024 жайбарақат жыл, ендеше әрқайсымыздың асығымыз алшысынан түссін.