Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысында тұрғынның кір жуғыш машинасынан 11 млн теңгенің есірткісі табылды

  • AstanaTV
  • 27 желтоқсан 2023
  • 1134

Жамбыл облысы тұрғынының кір жуғыш машинасынан 11 млн теңгенің есірткісі табылып, тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен Шу ауданының 37 жастағы тұрғыны ұсталған. Жамбылдық полицейлер күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде сарайда тұрған кір жуғыш машинаның ішінен 4 полипропилен қапшықтағы өсімдік тектес зат пен ерекше иісті ұнтақ заты бар пакет және ұнтақтауға арналған елек тауып, тәркіледі.

Сараптама қорытындысы бойынша аталған заттар жалпы салмағы 111 келі 500 гр кептірілген марихуана және жалпы салмағы 2 келі 960 гр гашиш есірткісі болып шықты.

Полицейлердің айтуынша, бұл есірткілердің қара нарықтағы жалпы құны – 11 млн теңге. Сондай-ақ жазғы ас үйдегі диванның астынан 12 мм калибрлі ТОЗ-63 тіркелмеген қос ұңғылы тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылды.

"Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта ол Шу ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды", - деп атап өтті ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.