Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазпошта жаңа «Qazpost Keruen» халықаралық жеткізу қызметін іске қосты

Енді қазақстандықтар АҚШ пен Еурапаның кез-келген нүктесінен кедергісіз тауарларға тапсырыс бере алады. Қазпошта жаңа «Qazpost Keruen» халықаралық жеткізу қызметін іске қосты. Жобаның басты ерекшелігі - қолжетімді баға, жоғары сапа және жөнелту мен жеткізу уақытының жылдамдығы.

Қазпоштаның «Qazpost Keruen» жаңа қызметі арқылы 5-10 күн аралығында АҚШ пен Еуропаның танымал интернет-дүкендерінен тауар алуға мүмкіндік пайда болды. Бұрын-соңды елімізге шетелден тауар алдыру рәсімі көпшілікке ыңғайсыз әрі жеткізу қызметтері қымбатқа түсетін. Онлайн-қызмет мамыр айынан бастап әзірленіп, 1 қарашада қолданысқа берілді.

Семён ПАК, “ҚАЗПОШТА” АҚ БАСҚАРМА МҮШЕСІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Бұрын халық өзге елден тауарды кәдімгі пошта арқылы алатын. Қазір біз халықаралық тәжірбиені қолданып, трендтерді ескеріп, жаңа қызметті енгіздік. Бұл жаңа қызмет түрін қолдану үшін біздің сайтқа тіркеліп, бірнеше мәліметті толтыру керек. Ал бұрыннан тіркелген тұтынушыларымыз қызметті қолдана береді. Тіркеуді толық аяқтаған соң сізге жеке ID номер мен АҚШ және Германиядағы тауар қоймаларының мекенжайы ақпараттар беріледі. Бәрі ыңғайлы және түсінікті деп ойлаймыз. Біз жеткізу уақытын неғұрлым тездетіп 5-10 күн деп белгіледік, бірақ осындай мерекелік қарбалас кезінде 2 аптаға созылатынын ескерген жөн.

Қазіргі таңда «Qazpost Keruen» қызметіне 500-ден астам тұтынушы тіркеліп, 300 адам қолданып, тауарларын алып жатыр. Тұтынушылардың үйінен шықпай сауда жасауын жеңілдету үшін интернет-платформада нақты нұсқаулыққа сүйеніп, дүкендерден тапсырыс бере аласыз. Жеткізу қызметінің құны тауардың салмағына байланысты есептеледі.

Семён ПАК, “ҚАЗПОШТА” АҚ БАСҚАРМА МҮШЕСІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Мұнымен тоқтамай жобаға жаңа функциялар мен басқа елдерді қосуды жоспарлап жатырмыз. 2024 жылы біз Ұлыбритания, Қытай, Түркия және Араб әмірліктерінен тауар жеткіземіз. Қазірдің өзінде жаңадан қосылған қызмет үшін сұраныс жоғары деп бағалаймыз. Тұтынушарымыз үшін жеткізу қызметінің сапасы маңызды екенін білеміз, сол үшін Америка мен Еуропалық маркетплейстерге есік ашып, тауарлардың еш зақымданбай келуіне күш жұмсап жатырмыз.

Қызмет көрсету географиясын кеңейтуден бөлек келесі жылдан бастап «Qazpost Keruen-ге» тауарларды қайтару қызметін қосу жоспарланып жатыр.