Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан визалық режимді барынша жеңілдетпек

  • AstanaTV
  • 20 желтоқсан 2016
  • 2740

Келер жылдан бастап Қазақстан визалық режимді барынша жеңілдетпек. Елімізге келетін шетелдіктерге бұрынғыдай визаның 14 түрі емес, тек үш түрі ғана беріледі. Сондай-ақ елде тұрақтау мерзімі 30 күннен 90 күнге дейін ұзартылады. Бұл туралы дипломатиялық корпусқа арналған брифингте Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов хабарлады.

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:

«А» типі дипломатиялық, бизнес, инвесторлық және қызметтік визалар. «В» типті визалар қысқа мерзімге келгендерге беріледі. Ал «С» түрі ұзақ мерзімге келген шетелдіктерге арналған. Енді бір реттік визамен 90 күнге дейін Қазақстанға тұрақтауға рұқсат беріп отырмыз. Ал көпреттік визаның көмегімен біздің елде үш жылға дейін тұруға болады.

Министрдің сөзінше, визалардың категориялары да қысқарған, яғни 48-ден 39-ға дейін азайыпты. Жаңа жылдан бастап шетелдіктерге арналған шақыруларды рәсімдеу ісімен Сыртқы істер министрлігі емес, Ішкі істер министрлігі айналысады. Демек, қажет құжатты миграциялық полиция бөлімшесі бар кез-келген облыста жасатуға болады. Қазір бұл құжатты рәсімдеу үшін тұрғындардың Астана немесе Алматыға баруына тура келеді.

Айта кетелік, 1 қаңтардан бастап Қазақстан 45 шет мемлекеттің азаматтарына визасыз режим енгізеді. Бұған дейін 19 елмен екіжақты негізде визасыз режим қалыптасқан. Сонымен қатар 48 елдің азаматтары елімізге емін-еркін келіп-кете алады.