Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық ғалым көмірдің күлінен цемент жасап шығарды

Әлемдегі ең беделді үш ғалымның бірі, оралдық Сәрсенбек Монтаев көмірдің күлінен цементтің жаңа түрін жасап шығарды. Ғалымның тың тәсілі дәстүрлі технологиядан әлдеқайда жеңіл. Бұл бастама өндіріс шығынын еселеп азайтуға мүмкіндік береді. Жоқтан бар жасауды меңгерген оралдық маман төрт түліктің керексіз қалдығын құрылыс материалы ретінде кәдеге жаратыпты. Экономиканы ілгерілетер тың ізденістер туралы тілшіміздің материалында.

Сәрсенбек Монтаев қойдың жүні мен мүйізінен, тіпті тұяқтан құрылыс материалын жасаған. Бұл қымбат бағалы шетелдік өнімнен бас тартып, отандық өндірісті дамытуға жол ашады, дейді. Мысалы, қойдың жүнін өңдеп, жылыжайдағы өндірістік шығынды азайтты.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Әдетте жылыжай өндірісінде мынадай базальт текшесі кеңінен қолданылады. Бұл - топырақтың орнына пайдаланылатын материал. Ал оралдық ғалымдар бұған балама ретінде кәдімгі қойдың жүнін қолданады. Егер базальтттың бағасы 40-50 миллион теңге болса, құдайға шүкір қойдың жүні тегін. Шаруалар оны қайда жіберерін білмей жатыр. Егер қойдың жүні базальт секілді өзінің тиімді екенін дәлелдесе, бұл ғылыми жаңалық көп ұзамай қолданысқа енері анық.

Мұнымен шектелмеген ғалым көмірдің күлінен цементтің жаңа түрін жасап шығарды. Елімізде шикізаттың бұл түрі жылу қазандықтарында тау-төбе боп үйіліп жатыр. Ал дайын өнімнің бағасы цементтен екі есе арзан.

Сәрсенбек МОНТАЕВ, ҒАЛЫМ:

Технологиясы өте қарапайым кәдімгі цементтің технологиясынан. Цементті шығару үшін оған арнайы шикізат керек. 1300 градуста күйдіріледі. Одан кейін оны ұнтақтау үшін үлкен арнайы шығырлы диірмендерде ұнтақталады. Осы технологиялық процестер біздің технологияда жоқ. Дайын өнімді біздер қосымша химиялық қоспалар арқылы біз цементті ала аламыз.

Ақжайық атырабында кремний жынысты опока, саз бен бордың қоры мол. Осыған көз жеткізген ғалымдар малға қажет биологиялық белсенді қоспаны жусаннан жасапты. Бүгінде мұның бәрі шетелден әкелінеді, бағасы да қымбат. Енді оны даланың тегін шөбімен алмастырса, малы семірген ауылдықтардың көңілі жайланары хақ.

Сәбит ЖАРЫЛҒАПОВ, ҒАЛЫМ:

Жусаннан және кремнийлік жыныс опокадан қосымша құрама жем дайындап, жемге қосатын оны мысалы, әр жемге 5, 10, 20 процент өзінікін қосып, пайдаланып беріп көріп жүр. Құстарға бергенде олардың тәбетін ашады, жақсы салмақ қосты. Жусан деген бұрыннан пайдалы ғой емдік қасиеті бар. Ауырмайтын болып жақсы өседі. Бұлардың жұмыртқаларына дейін сапалы болған.

Ғалымдар тұзды суды сүзудің де амалын тауыпты. Бұл әсіресе тұщы суға зәру аймақтарға қолайлы. Енді бұл бастама өндіріске енгізілсе, әйнектің сынығынан үй салып, төрт түліктің керексіз қалдығынан құрылыс материалы өндірілер күн де алыс емес.