Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауа райының қолайсыздығы аймақтарды әбігерге салды

  • AstanaTV
  • 20 желтоқсан 2016
  • 3291

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана-Қарағанды бағытындағы жол бойында жүздеген көлік қар құрсауында қалып, ондаған көліктер бір бірімен қақтығысып қалған. Ал, Астана қаласының коммуналды қызметкерлері тәулік бойы жұмыс режиміне көшіп, қаланы қардан тазалап үлгермей жатыр. Қалың қардың салдары өзге де аймақтарға қандай қиыншылықтар әкелгені жайлы Дәуренбек Бақдәулет айтып берсін.

Мына кадрда Астана-Қарағанды бағытындағы тас жолда қалың қарға кептелген көліктерді жолаушылардың өз бетінше шығарып алмақ болып жатқаны анық көрінеді. Алайда, бұрқасындатқан боран мен ұйытқыған жел бұған еш мүмкіндік бермеді. Салдарынан жол бойында жүздеген көлік кептеліп қалған. ТЖ мамандары, біздің жұмыс қарда қалған темір тұлпарды шығару емес, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру, дейді. Алайда, жолда қалғандардың көбісі көліктерін далада қалдырып кеткісі келмейді. 

Руслан Иманқұлов, ҚР ТЖ комитетінің ресми өкілі:

Аяғы ауыр әйелдер мен жас балаларды алып шығатын жағдайлар да болады. Қазір ауа райы қалай құбылатынын ешкім дәл басып айта алмайды. Адамдар эвакуациялауға көнсе жақсы. Көлігінің маңынан кеткісі келмейтендер көп. Ескертулерге құлақ асуы керек қой.

Адамдарды тығырықтан шығаруға төтенше жағдайлар қызметі толығымен жұмылдырылды. Бүгін Қарағанды облысы Осакаровка ауданында Молодежный, Осакаровка кенттері мен Батпақ ауылы маңынан қар құрсауында қалған 13 адам мен 3 техника шығарылды. Жағдайды апаттан құтқару топтары бақылауға алған. Жолдың жабылуына байланысты екі күннен бері автовокзалдан Астанаға билет сатылмайды. Дегенмен, халық жеке меншік таксилер арқылы кетіп жатқан көрінеді.

Ерғали Мұқатов, Қарағанды қаласының «Сапар» ЖШС директоры:

Автовокзалдан жүретін автобустар үшін кеше кешкі сағат 7-ден бері жол жабық. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астанадан бері қарай да автобус жүрмейді. Бұның бәрі адамдардың қауіпсіздігі үшін. Бұрқасыннан ештеңе көрінбейді, әрі ауыр жүк көліктері қарға тұрып қалып, кептелістер пайда болды.

Ақтөбеде шаһарды қардан тазарту жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Қала әкімдігі жанынан арнайы мобильді топтар құрылды. Олар қарды рұқсат етілмеген жерге шығарған жеке тұрғын үй және бизнес нысандарының иелеріне ескерту береді. Құлақ аспаған тұрғындар 40 мың теңге, ал кәсіпкерлік нысандарының иелері 60 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті.

Александр Лисицкий, «Табыс Ақтөбе» ЖШС директорының орынбасары:

Кейбір кәсіпкерлік нысандардың жұмысшылары таңертең келіп, есік алдындағы қарды жаяу жүргіншілердің жолына үйіп тастайтынын көрдік. Жұмысқа, балабақшаға бара жатқан адамдарды бөгейді. Жеке секторларға келсек, мекемелер қарды тазалап кеткен соң, көптеген тұрғындар қарды жолға төгеді.

Оңтүстік Қазақстанда өткен демалыс күндері 112 жол көлік оқиғасы тіркелді. Соның 14 -інде көлік ішінде болған 3 жолаушы көз жұмды, 17 адам түрлі дене жарақатын алған. Жергілікті полиция өкілдерінің айтуынша, жол апаттары жүргізушілердің жол ережесін өрескел бұзуы салдарынан орын алады. Ал автокөліктерді қысқы доңғалақтарға ауыстыруға қатысты жол сақшылары тарапынан жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары нәтижесіз емес.

Фархад Минаваров, ОҚО ІІД бөлім бастығы:

Көбісі біздің ескертуімізсіз  бірінші қар жаумай тұрып, жүргізушілердің көбісі өз еркімен өздері ауыстырады шиналарын. -Сіздер ескерту арқылы ауыстырып жатқаны жоқ ия? -Ондай жағдайлар да бар. Бағана айтылды ғой сіздерге. Үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде жүргізушілердің әртүрлі жағдайы бар. Материалдық жағдайына байланысты жүргізушілер өздері ауыстырады. Біздің тарапымыздан тек қана ескертулер беріледі. Үгіт-насихаттар жүргізіледі.

Астанада тұмау тиіп ауырғандар көбейген. Әдетте 103 нөміріне тәулігіне 1500 қоңырау түссе, қазір бұл 2500-ге жеткен. Мамандар, оның 900-ге жуығы суық тигендер, дейді.

Раушан Молдабекова, Астана қалалық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары:

Көбінесе шақыртуға қарасақ, ыстық шығып жатыр дейді. Көбі - жасөспірімдер мен балалар. Бізге қазір ОРВИ мен 900-ге дейін шақырту болып жатыр тәулігіне.

Дәренбек Бақдәулет, тілші:

Ал, синоптиктер болса, ертең ауа райы сәл жылынғанымен, осы айдың соңына дейін 15-20 градус аралығындағы салқын ауа райы сақталады, деп отыр. Қарды боранмен үскірік аязда болуы мүмкін. Сондықтан барынша сақ болған абзал, дейді олар.