Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескілікке бой ұруға болмайды деп санайды. Оның сөзінше, баяғыда ұлы халық болғанбыз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызылкеңірдек болып айтысудың қажеті жоқ.
— Біз болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуатымызды сарп етеміз. Одан да сорақысы, әлдекімдердің жалған сөзіне еріп, арамтер боламыз. Мұндай пайдасыз істерге алаңдап, ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмауға тиіспіз. Баяғыда ұлы халық болғанбыз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызылкеңірдек болып айтысудың қажеті қанша?! Бұлай ескілікке бой ұруға әсте болмайды. Әлбетте, тарих — біздің жалпыұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Атап айтсақ, түрлі тақырыптағы кітаптар көптеп шығарылуда. Жаңа ғылыми мекемелер құрылып, бұрынғы институттар жаңғыртылып жатыр. Жақында сталиндік репрессия құрбандарын ақтау жөнінде ауқымды зерттеу жұмысы аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді, — деп атап өтті Президент Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында.
Алайда оның айтуынша, біздің бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды.
Сондықтан қандай қиындықтан өткенімізді бағамдайтын кезде ғана ауызбіршілік танытпай, баянды болашаққа да бірге қадам басуымыз қажет.
— Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды. Сондықтан ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс. Сондай-ақ өмірге деген байсалды және байыпты көзқарас басым болғаны жөн. Ашығын айтайын, өзін «ұлттың қаймағымыз» деп санайтын кейбір зиялы қауым өкілдері осы миссиясын өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ. Олар ұлтқа үлгі-өнеге көрсетудің орнына, ұсақ-түйек әңгімелерді қоздатудан, әдеттегідей «біздің халық аса данышпан» деп қайталай беруден немесе қара басының қамын күйттеп, билікке «жағдайымды жасамады» деп өкпе артудан аса алмай отыр. Осылайша ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беріледі, — дейді Президент.
Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек екенін қадап айтты.
Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс.
— Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік — нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.