Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында жарық таратушы мекеме сот шешімін орындауға асығар емес

  • AstanaTV
  • 21 желтоқсан 2016
  • 3375

Қарағанды облысы Қушоқы кентінің 4 мыңдай тұрғыны «Жезқазған энергосбыт» компаниясының сот шешімін орындауын талап етті. Халықты қуат көзімен қамтитын мекеме 2015 жылдан бастап электр энергиясының құнын негізсіз көтерген. Олардың бұл әрекетін Қарағанды облысы ауданаралық экономикалық соты әшкерелеп,  компанияға тұтынушылардың ақшасын қайтаруды міндеттеген. Алайда, «Жезқазған энергосбыт» сот шешімін орындамай отыр.

Қушоқылықтар 5 жылдан бері жарық құнына қатысты даудан арылмай келеді. Бекітілген тариф киловатт сағатына 14 теңге 56 тиын болуы тиіс. Алайда өткен жылы «Жезқазған энергосбыт» қуатты 18 теңге 83 тиынға көтеріп жіберген. Екі жылға жалғасқан сот процестері нәтижесінде, аталған компанияның электр энергиясын негізсіз қымбаттатқаны дәлелденді. Сот қомақты қаражат тұтынушыларға қайтарылсын,-деп шешкен. Бірақ, мәселе мұнымен бітпеді.

Зәуреш Дайымбекова, Қушоқы кентінің тұрғыны:

Қазір, мысалы, 18 теңге 83 тиын төлейміз ай сайын. Осы күнге дейін ешқандай перерасчет жоқ.

Алмагүл Ысқақова, Қушоқы кентінің тұрғыны:

«Жезқазған энергосбыт» 3 млрд ақша қарыз. Хотя бы сол ана антимонопольныйдың, соттың шығарған үкімін бізге 14 теңгесін қазірден бастап төлетіп отырса, біз соған рахметімізді айтар едік.

Шарасыз күй кешкен тұрғындар билік өкілдерінен мәселені шешуді сұрап, тағы да жиналыс өткізді. Алайда, оған құзыретті орындардан ешкім келмеді.

Айжан Қуаш, тілші:

Қушоқы кентіндегі жарық дауына сымдардың сапасыздығы да себеп. Мұндағы электр желілері сонау Кеңес дәуірінен бері жөнделмегендіктен, боран, не бүгінгідей жел күндері тұрғын үйлерде жарық жиі сөніп қалады екен. Алайда, энергия тасымалдаушы компаниялар оларды әлі күнге дейін толық айырбастамаған.

Кентті электр жарығымен қамтамасыз ететін мекеме басшыларының айтуынша, қуат өндірушілер мен тасымалдаушылар тарифті көтерген. Қымбатшылықтың себебі де осы деп түсіндіреді. Қушоқы елді мекеніне атртылған электр сымдарын 22 фирма бөліп алған. Олардың барлығы да пайда тапқысы келеді.

Айдар Айтуғанов, «Жезқазған энергосбыт» ЖШС мемлекеттік органдар мен қоғаммен байланыс директоры:

Қазіргі жағдайда  бағаны арзандату мүмкін емес. «Жезқазған энергосбыт» адамдарды тонап жатыр, бірнеше млрдты қалтасына басты" деген ақпаратты табиғи монополияларды реттеу ұйымы таратуда. Халықты шатастырып отыр. Қосымша құн салығын, яғни, 12 пайызды қоспағандағы тарифті 12 теңге 95 тиын ету қисынсыз. Тариф кәсіпорынның барлық нақты шығындарын есептеп барып, бекітілуі тиіс. Бұл жағы ескерілмей отыр. 

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің өкілдері "Жезқазған энергосбыттың" бұл уәжін сылтауға балады. Қарағанды облысының арнайы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында барлық шығындарға мониторинг жасалып, тиісті сараптамалар жасалған,-дейді шенеуніктер.

Жұлдыз Ескенова, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Қарағанды облыстық департаментінің бөлім басшысы:

«Жезқазған энергосбыт» қуатпен қамтитын барлық тұтынушылар үшін тариф 14 теңге 50 тиын болуы тиіс. Сотта, тарифтің заңсыз көтерілгені дәлелденді, іс біздің пайдамызға шешілді. Егер компания сот шешімін ерікті түрде орындамаса, әкімшілік, тіпті, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Қысқасы, компания сот шешімін орындауға асығар емес. Монополист компания тек Қушоқы ғана емес, Жаңарқа, Абай аудандарындағы елді мекендер мен Балқаш, Сәтбаев, Жазқазған қалаларындағы 500 мыңдай тұтынушыға 3 млрд теңгедей қаржыны қайтаруы тиіс. Сот шешіміне сай, бұл қаражат тарифті заңсыз қымбаттату арқылы жиналған.

Айжан ҚУАШ