Шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері Нұрберген Жұмағазиев қызметтен өз еркімен кетті. Бұл туралы Қазақстан конькимен жүгірушілер одағының баспасөз хатшысы Маржан Қалымова мәлімдеді, деп жазады Bassport.kz.
Нұрберген Жұмағазиевтің бас бапкерлік қызметтен кеткенін команданың бұрынғы жетекшісі Мәдіғали Қарсыбеков те растап отыр.
"Нұрберген құрамадан кетті. Қазір оның қайда екені белгісіз. Ол команданы жаттықтырған кезде қаржылық мәселелер болған әрі тәжірибе де жетіңкіремеді", - деді отандық шорт-трек спортының бастауында тұрған Мәдіғали Қарсыбеков.
Осы орайда, Мәдіғали бапкер команда мен федерациядағы кейбір келеңсіздіктер туралы да айтты.
"Негізі, федерация менің команда басшылығынан кеткенімді қалады. Әйтпесе, зейнет жасына келдім деп, өзімнің өмір бойы сүйіп істеген жұмысымнан бас тартпаған едім. Мені қызметтен кетіру туралы идеяны көтерген Олжас Беспаев. Қазір ол Федерацияның бас хатшысы. Мұны ол министрлік басшыларының тілегі ретінде жеткізді. Біз 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында бәрінен де жақсы өнер көрсеттік. Министрлік қызметімізді мақтап, мен 2026 жылғы Олимпиадаға дейін команданы басқаруға дайын едім. «Министрлік сені көргісі келмейді» деген хабар менің көңілімді түсірді. Кейін министрдің өзіне барып, бұл сөздің растығына көз жеткізбегеніме өкіндім.
Мен команданың жетістігін жоғалтпау қажеттігін ескертіп, өз ұсыныстарымды айттым (2022 жылғы Олимпиададан кейін уақыт жеткілікті еді). Шетелден мықты бапкер шақыртуды ұсындым, тіпті, өзім біздің командаға қажетті адамды да тауып қойдым. Ал Нұрберген Жұмағазиев (оның бапкерлік қабілеті барын байқап, осы қызметке ұсынған да мен едім) бас бапкер ретінде шетелдік маманнан үйреніп, тәжірибесін арттыратын еді. Ал мен бұрынғыдай команданың қаржылық және ұйымдастыру жұмыстарымен айналыса беретінімді жеткіздім. Егер жағдай осылай өрбігенде, 2026 жылғы Милан Олимпиадасынан медаль жоспарлауға болатын еді. 2022 жылы Олжас Беспаев маған: «Біз өзіміз Олимпиада жүлдегерін дайындай алмаймыз ба? Ағай, сіз үнемі сырттан бапкер әкелесіз», - деді. Бұл ұят нәрсе екен.
Бірақ федерация менің жылдар бойы құрған жүйемді бұзды. Федерация мені қызметтен шеттетті. Жұмағазиевтің кінәсі сол, ол командада не болып жатқанын менен жасырып, штаттық команданың қаржылық жұмыстарын өзі жүргізді. Команданың Олимпиададағы нәтижесі – менің өмір бойғы еңбегім. Бұл команданы соңғы 20 жыл бойы құрдым. 2002 жылы Алматыдан Оралға көшіп барып, 10-11 жастағы балаларды кезіктіріп, олардың жұлдызын жақтым. Абзал әлі күнге дейін жаттығып жүр, келесі Олимпиадаға да қатыспақшы. Менің Оралдағы шәкірттерім қазақтардың әлемдік шорт-тректе топ жара алатынын алғаш болып дәлелдеп, үздік командалар қатарына енді. Шет мемлекеттердің тәжірибесі бойынша 2012 жылдан бастап Корея, Нидерланд, Ресей елдерінен үздік бапкерлерді шақыртып, қазақ командасын әлемдік шорт-тректің жақұтына айналдырдым.
Әлемде шорт-тректі дамытып отырған 50 елдің ішінде 10 команда үздік саналады. Тек Канада мен Корея ғана өз бапкерлерімен дайындалады, ал Қытай, АҚШ, Нидерланд, Жапония мен Италия сынды елдер шетелден мықтықты бапкерлер мен мамандар тобын үнемі шақырады. Міне, осының нәтижесінде олар Олимпиада ойындарынан медаль алады. 2002 жылдан қазақ спортын басқарған барлық басшылар, оның ішінде Дәулет Тұрлыханов та бар, мені қолдап, команданың жетістігіне сенді. Олардың сенімін ақтадым деп ойлаймын және әрі қарай командаға көмектесуге дайынмын", - дейді Қарсыбеков.
Мәдіғали Қарсыбеков қазіргі таңда ұлттық құраманың кеңесші бапкері қызметінде. Ал команданың бас бапкері міндетін уақытша Петр Гадимов атқаруда.
Нұрберген Жұмағазиевке телефон арқылы хабарласу мүмкін болмады.