ЭКСПО көрмесіне келетін
қонақтардың біразы университет жатақханаларына орналасады. Қонақ үйлер жетпей
қалуы мүмкін. Бұл туралы «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге арналған қоғамдық кеңес
төрағасы мәлімдеді.
Алдымен Астанадағы жатақxаналардың жағдайына бағалау
жүргізіледі. Соның негізінде жалға берілетін нысандар анықталады. ЭКСПО-ға қатысушылар орналасатын пәтерлер
құрылысының аяқталғаны да белгілі болды. Қазір 324 пәтерге тапсырыс түскен.
«ЭКСПО қалашығындағы» люкс нөмірдің бір күндік бағасы шетелдіктер үшін 50 мың
теңгеге дейін болмақ. Ал жатақханалар арзан бағамен беріледі.
Ерлан Сыдықов, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге арналған
қоғамдық кеңес төрағасы:
Жоғары оқу орындары жаздың күні
өздерінің жатақханаларын босатып беруге әзір. Өйткені бұл ұлттық жоба ғой.
Сондықтан бәріміз ат салысуымыз керек. Түсіністікпен қарау керек бұның
барлығына. Әрине, оның барлығы тегін болмайды. Белгілі мөлшерде жататын ақыларын
төлейді. Өте арзан болады.
Саламат ОМАШ