Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында 5 310 адамды ит тістеді

  • AstanaTV
  • 09 қаңтар 2024
  • 969

Түркістан облысында 6 мыңнан астам адамды жануарлар жарақаттаған, деп хабарлайды Kazinform.

Өткен жылы Түркістан облысында 6 425 адам түрлі жануарлардан жарақат алған. Оның ішінде 5 310 адамды ит тістесе, 694 адам мысықтан, 46 азамат ірі қара малынан зардап шекті. Дегенмен, өңірде құтыру аурына шалдығу жағдайы тіркелген жоқ.

Өңірдің эпидемиологтары тұрғындарды аса қауіпті аурудан сақ болуға шақырады.

«Құтыру ауруының вирусы ауру жануарлардан тістеу, тырнау кезінде сілекей арқылы адамның тері қабатына енеді. Сосын жүйке талшықтары мен жұлын миына жеткен вирус адам өміріне қауіп төндіреді. Құтыру ауруына шалдыққан адамның дене қызуы көтеріліп, тыныс алу мен жұтынуы қиындайды. Науқас суды көргенде немесе оны ойлаған кезде жұтқыншақ пен көмекейдің спазмалары ашылып, ауаның қозғалысынан, жарық шамының әсерінен, қатты дауыс, шуылдың әсерінен ұстамалары ұстай бастайды», - деді облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрбек Нышанов.

Эпидемиолог мамандар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмес үшін, қолдағы жануарларды уақтылы мал дәрігерлеріне көрсетіп, ауруға қарсы вакцина салдыру керектігі туралы кеңес береді. Ең бастысы, мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды адамдардан аулақ ұстау керек.

Айта кетейік, 2022 жылы аяғын ит тістеген 14 жасар бала уақтылы ем-дом алмаудың салдарынан араға бір жыл салып көз жұмған болатын.