Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ақшаң болмаса өлуге де болмайды», - тұрғын

Қазір ақшаң болмаса өлуге болмайды. Қымбатшылық жерлеу рәсіміне де жеткен. Қарапайым жер мен құлпытас орнату үшін миллиондаған қаржы керек. Оны ойламағанда, күтетін қонағың тағы бар. Адамдар бақилық болған туысының жаназасына шашылып, дастархан жаймаса марқұмды жер қабылдамайтындай қорқады. «Ел күліп кетеді» деп шаш етектен шығынға батады, тіпті, несие алады. Өлімді тойға айналдырып жүргендер кім? Толығырақ Аружан Задабектің материалы.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазақта «тал бесіктен жер бесікке» дейін деген сөз бар. Рас-ау. Бала дүниеге келеді, қуанамыз, тойлаймыз.
Оқимыз, білім алып дамимыз. Мансап қуып, жетістікке жетеміз. Кейде шалыс басып, қателесеміз. Өмір ағымына қарай жүземіз. Уақыт келе жүзімізді әжім шалады, қартаямыз. Осылайша тал бесікке түскен адам жер бесікке де түседі.

Қазір жақынынан айырылған адам қайғыра да алмайды. "Ел күледі" деп, дастарқан мен шапан-тақияға қайдан ақша табарын білмей, дал болады. Ас та төк дастархан жайып, шашылатын халық оның дұрыс емес екенін мойындайды. Сонда да даңғазалық пен дарақылықты доғара алмай келеді.

Блиц-сауалнама:

- Той сияқты болып кетті ғой. Кейбіреулер қайда отырғанын да ұмытып кетеді, даурығып сөйлеп. Сосын дастарханға көкөністер қояды. Артық деп ойлаймын. 
- Май, бауырсақ, шелпек қою керек. + Фруктыға дейін қояды ғой. Ысырапшылдық деп ойлаймын. 
- Бұрын малдар болған уақытта құр мал басып кетпесін деп қоршап қоятын. Ал қазір общий қоршау бар. Даже қоршаудың да керегі жоқ.

 «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дейді. Қазір қайтқан адамның қырқында, жүзінде, жыл садақасында тост айтып, сөз сөйлеу үрдіске айналған. Тіпті, мейрамханаға жиналған жұрт марқұм туралы еске алу бейнеролигін тамашалайды.

Қарлығаш БЕКПАТШАҚЫЗЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Қарызға батып, өлген адамға ас та төк дастархан жасап, тойдың дастарханын жасап шығарып салу деген және ол бір ғана жаназа болса мейлі ғой, жетісі деп тағы шақырып жатады, қырқы деп тағы шақырады. Өткенде бір жігіттің қырқына бардық. Не деген ас та төк дастархан?

Қазір желіні ашып қалсаң, діни рәсім жасаумен айналысатын агенттіктердің де жарнамасынан көз сүрінеді. Солардың біріне хабарласып едім, ә дегеннен қандай қызмет көрсете алатынын тәптіштеп тұрып түсіндіріп берді. Ақшасын берсең жерлеу рәсімін толықтай ұйымдастырып беруге дайын агенттік өкілі «өлген адамның жақындары тек дайынға ғана келеді» деді.

– Ішіне қабырғаның ішіндегі 250 кірпіш, бетіндегі бетон жапқыш, бас ағашы, жұмысымен бәрімен бірге кіреді. Жерлеу кезінде көлік беріледі.
– Қанша болады?
– 160 мың теңге болады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мазар салу бәсекесіне тосқауыл қоя алар емеспіз. Күмбезді зират салып, қымбат құлпытас орнату сәнге айналғандай. Кәсіпкерлер де сіздің талғамыңызға, қалтаңыздағы теңгеңізге қарай қалаған тасыңызды жасап береді.

Мәселен, жасыл түсті граниттен қойылған құлпытас қоршауымен 1 200 000 теңгеге барады. Оның өзі тапсырыспен 21 күнде дайындалады. Ал жай мәрмәрдан қойылатын құлпытас 500 мың теңгеге шығады.

Ерік ҚАЗЫБЕКОВ, ДИЗАЙНЕР:

Құлпытастар, әрине, қазақпыз ғой. Бір жағынан өзіміз де ұяламыз. + Біреу бай болады, біреу кедей болады. Әркімнің қалтасына қарай ғой.

Иә, соңғы сапарға шығарып салу үшін соңғы тиынды санап береміз. Қазан-қазан ет асып, қатар-қатар дастарқан жаю дәстүрімізге дендеп енді. Мұндайда көпшілік көңіл айтуға емес, көз сүріндірер дастарқаннан дәм тату үшін не бара ма деп ойланып қаласың.