Алып-сатарларға азық-түлік пен тауар құнын негізсіз өсіруге жол бермейміз. Сауда министрі осылай деп мәлімдеді. Әсіресе, өңір әкімдері бағаны бақылауға күш салу қажет. Тұрақтандыру қорын қадағалап, негізгі факторлардың алдын алулары тиіс.
Облыстарда және еліміздің ірі қалаларында тұрақтандыру қорлары бар. Онда күрделі кезеңдерге арналған тауарлар сақтаулы тұр. Сондықтан тапшылықты сылтау қылып бағаны көтергісі келетіндерге жол жоқ дейді мамандар. Оның үстіне халық тұтынатын азық-түлік тауарларының 80 проценті өзімізде өндіріледі.
Мадина МАХМҰТОВА, "ТОБЫЛ" ӘКК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
18 әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз. Олар қоймаларда азы-түлік қорын артығымен толтырып қояды. Осылайша тапшылықтың алдын алып, бағаны ұстап отырмыз. Маңызды тауарлардың көбі өзімізден өндіріледі.
Жалпы ел экономикасы Орталық Азиядағы ең елеулі номиналды өсуді көрсетті. Мемлекет басшысы өзінің жақында берген сұхбатында елдің жалпы ішкі өнімі қазіргі бағамен 259 миллиардқа жеткенін айтқан еді. Жан басына шаққандағы көрсеткіш те өсіп келеді. Сондықтан тұрақты уақытта, азық-түлік бағасын негізсіз өсіруді ойлағандар жазадан құтылмайды дейді жауапты ведомство.
Арман ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
Мемлекет тарапынан бағаны бақылау жойылмайды. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың негізсіз қымбаттауына жол бермейміз. Бірақ заң бұзушылықтар мүлдем жоқ дей алмаймын. Анықталған бойда олар заңмен және біздің желімен қатаң жазаланады.
Бағаны бейберекет өсіретіндер бар. Әсіресе, алып-сатарларды министрлік қатаң бақылауға алғандарын айтты. Осындай қадамдардың нәтижесі болса керек көпшілік азық-түліктің құны қалыпты деп отыр.
Блиц-сауалнама:
- Бағалардан өзгеріс байқамадым.
- Әзірше, азық-түлік, киім-кешек бағасы өзгеріссіз деп айта аламын. Қиындықсыз ала аламын. Әзірге қол жетімді.
- Негізі қол жетімді, қатты байқаған жоқпын бағалардың өзгергенін. Азық-түлік барлығы қол жетімді.
Мемлекет тарапынан бағаны тұрақтандыру жүйесі жұмысын жалғастыра бермек. Тек өзектілігін жоғалтқан бір механизм ғана алынады. Яғни, бағаны бақылау аяқталғанша, тауар құны қымбаттап үлгеретін. Ал қазір бұл жұмыстар бірден оперативті түрде жасалуда.