Караоке иелері авторлардың келісімінсіз әндерін пайдаланса, сотталады. Яғни, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Көпшілігіміз білмейтін осындай заң бар. Әділет министрлігі енді оны әкімшілік жазаға ауыстырмақ. Ол кезде кәсіпкерлер ай сайын авторларға қаламақы төлеуі тиіс. Бас қаланың өзінде 500-ге жуық караоке бар. Сонда бәрі ән иелерінің қалтасын қампайта ма? Жоқ әлде жаппай жабыла ма? Айсәуле Съезбек тақырыпты тарқатады.
Аңсайды жаным, Өткеннің бәрін, Бақытты шағым, Бәрі де елес, Өшпейтін жалын, Өміршең әнім, Ұмыту бәрін, Ол мүмкін емес. Аңсайды жаным, бәрін. Автордың рұқсаты болмаса, енді караокелерде ән айтуға болмайды. Егер ереже сақталмаса, караоке иелері 360 мың теңгеден 55 млн теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Әділет министрлігі заңға тағы қандай өзгеріс енгізбек? Ал караоке иелері бұған не дейді? Мәселенің мән-жайын тереңінен зерттеп көрдік.
Авторлық құқық бұзылса, азаматтық және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Әділет министрлігі биыл заңнаманы декриминиализациялауға бел буып отыр. Яғни, қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстырмақ. Бұл министрлік мамандарының арнайы тексеру шараларын өткізуге жол ашады. Ол үшін автор құқығының бұзылғанын дәлелдеп, шағым түсіруі керек.
Талғат УӘЛИ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Ал караоке барларға қатысты Әділет министрлігі қандай да бір арнайы тексеру өткізбейді. Бірақ та заңның аясында қоғамдық жерлерде ән не болмаса өзге де шығармалар орындалып, сол әннің авторы менің құқығым бұзылды осы бойынша тексеру жүргізіңіздер деп Әділет министрлігіне шағымданатын болса, сәйкесінше, заңның аясында тексеріс жүргізіледі.
Халық әндері мен авторы немесе меншік иесі 70 жыл бұрын қайтыс болса, шығарма «халық қазынасы» деп танылады. Сәйкесінше, ондай әндер үшін айыппұл салынбайды. Ал заң бұзбаймын деген караоке иелері ай сайын автордың қаламақысын арнайы ұйымдарға төлеуі керек. Министрлік караокедегі бір орыннан кемі 738 теңге авторларға аудару керек деп бекіткен. Мәселен, 30 орындық мекеме айына 36 мың 920 теңге қаламақы жіберу тиіс. Бұл баға караокедегі орын санына байланысты көбейе береді.
Нұрхан ҚАБДЫҒАЛИЕВА, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқаратын ұйымдарға төлейді. Ол авторлармен құрылады. Бұл ұйымдар авторлардың атынан осындай пайдаланушылардан сыйақы жинайды. Сол есептің негізінде ұйымдар әр авторға осы сыйақыларды бөледі.
Караокеге келген қонақтар интернеттен өздері қалаған әнді қосып алса да, құқық бұзылады. Бұл кезде де айыппұл караоке иесіне салынады. Астаналық кәсіпкер Әсел Байгелді бұл тексерістерге үзілді-кесілді қарсы. Миллиондап айыппұл салса, бұл бизнесте ешкім қалмайтынына сенімді.
Әсел БАЙГЕЛДІ, КӘСІПКЕР:
Біз онсыз да караоке топтамаларын 1-2 млн теңгеге сатып аламыз. Ай сайын жаңа әндерді қосу үшін 200 мың теңге төлейміз. Бізге осы қызметті көрсететін ұйымдар онсызда әннің меншік иелерімен келісімшарт жасап отыр ғой. Сонда біз неге екі рет төлеуміз керек? Бұл айыппұл, тексерістер орта бизнес өкілдерін қанауға бағытталған десем артық емес.
Кәсіпкерлер қай әнді айына қанша рет қолданғаны жайлы да есеп беруі тиіс. Соған орай авторларға ақы бөлінетін көрінеді. Ал құқықтанушы авторлық құқық пен қаламақыны караокелерге ән сататын лицензиясы бар компаниялардан ғана талап ету керек деп санайды.
Думан БАЗАРБЕКОВ, ҚҰҚЫҚТАНУШЫ:
Құқықтық алаңда музыкалық шығармалардың қолданысын реттеу мүмкін емес процесс. Бұл жиналған ақшаны ұрлауға немесе жемқорлыққа әкеледі. Яғни, тексеруші көз жұмады, ал орынсыз айыппұлдан қашқан кәсіпкерлер пара ұсынады.
Заңға декриминализация жасалмаса, авторлық құқықты бұзғандар ҚР-ның Қылмыстық кодекстің 198-бабына сәйкес 300 мыңнан 18 млн теңгеге дейін айыппұл арқалайды. 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.