Русский Сайттың толық нұсқасы

Аида Балаева «Қазақ әдебиеті» газетін 90 жылдық мерейтойымен құттықтады

«Қазақстан балалары – шығармашыл интеллигенция». Алматыда дәл осындай тақырыпта балалар басылымдарының өкілдерімен кездесу өтті. Жиынға қатысушылар жауапты министрлерге ұсыныстарын жеткізіп, саладағы көкейкесті мәселелерді көтерді. Шара «Қазақ әдебиеті» газетінің 90-жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

1934 жылы 10 қаңтарда Ғабит Мүсіреповтің редакторлығымен алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газеті жарық көрді. Тоқсан жыл ішінде бұл басылым елдің мүддесі, талап-тілегі, әл-ауқаты, тұрмысы жөнінде үзбей ақпарат таратты. Мүйізі қарағайдай алып ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева газетте түрлі жылдары аянбай еңбек еткен бірқатар қызметкерлерді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Тек қана әдебиет мәселесінің жақсы жаңалықтары емес, көкейкесті мәселелерін де көтеріп, оның шешілуіне үлкен үлестерін қосып келе жатыр. Әр апта сайын қызыға оқимыз. Көтерілген мазмұнды мақалалар мен жақсы сұхбаттардың барлығы әрі қарай жалғасын тауып, газетіміз осындай мерейлі тойларын атқара береді дегеніне сенімдімін.

Тарихтың талай тезін бастан кешірген газеттің алға қойған жоспарлары әлі де көп. Енді басылым қазіргі заманға сай икемделмек.

Дәурен ҚУАТ, «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

Біз тоқсанға келдік деп тоқырамаймыз немесе осымен тоқтамаймыз. Мына бүгінгі жаңа заманға, бүгінгі жаңа медиаға жалғасуымыз керек. Солармен бірге осы мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмыс жасауымыз керек деп ойлаймын. «Қазақ әдебиеті» газетінің жанында қазір өзінің сайты бар. Үлкен портал ашылады. Тіпті, Ютуб- канал да ашу ойымызда бар.

Сондай-ақ мерейтойлық шарада бас қосқан ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері Қазақстандағы балалар басылымдарының қазіргі жай-күйін талқылады. Басылым өкілдері оқу-ағарту мен мәдениет және ақпарат министрлеріне өз ұсыныстарын жеткізді. Балалар басылымдарына тың серпіліс қажет екендігіне назар аударып, мектептердегі оқытылу мәселесіне тоқталды.

Дүйсен МҮСІРӘЛІҰЛЫ, «БАЛДЫРҒАН» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

«Балдырған» журналының қазір бір жылдық жазылым бағасы 3600 теңге. Ал ол «Балдырғанның» өзіндік құны деген болады. Бір жылдық құнын 7000-8000 теңге болып кетеді. Ауылдағы балаларға жазылу қиын болып кетуі мүмкін. Сондықтан, бізге 50 пайызды Үкімет өз мойнына алып, арзандатып шығарып отыр балалар оқысын деп. Соның өзінде журнал оқылмай жатыр. Оның неше түрлі себептері бар.

Айта кету керек, бүгінде елімізде 4 мемлекеттік балалар басылымы бар. Одан бөлек тағы 20- ға жуық жекеменшік басылымдар кішкентай оқырмандарды қуантуда.