Елімізде 2030 жылға қарай энергетика саласында тапшылық туындауы мүмкін. Бұл туралы бүгін үкіметте айтылды. Жағдай қазірдің өзінде мәз емес. Электр стансаларының 56 пайызы тозған. Сондықтан келешекте жетіспеушілік 30 пайызға дейін жетуі мүмкін. Оның алдын алу үшін жауапты ведмоства ескі стансаларға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа электр орталықтарын салуды көздеп отырғанын айтты.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030 жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі ұсынған Электр энергетикасын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын қолдаймыз.
Премьер-министр саланы артқа тартып отырған әкімдерді сынға алды. Оларды өңірлік электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалған деді. Бұдан өзге, үкіметте энергетика министрлігі жаңа газ генерациялау объектілерін салу орындарын айқындады. Олар – Қызылорда, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбе қалалары. Үкімет басшысы аталған өңірлерге қажетті құжаттарды жинау үшін ақпанның соңына дейін ғана уақыт берді.