Мұғалімдерге арналған жаңа бағдарламалар әзірленіп жатыр.
Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары қайта қаралып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Президенттің 2023 жылдың 5 қазандағы Республикалық педагогтер съезінде берген тапсырмаларын орындау мақсатында қазіргі уақытта Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары қайта қаралып жатыр. Аттестаттау қағидаларының жобасында оқыту мен оқыту практикасына негізделген педагогтерді бағалау көзделеді.
Бұдан басқа, педагогтердің, басшылардың, әдіскерлердің, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің сабақтарды бақылауы қарастырылады. Қағидалар жобасында оқыту сапасын арттыру арқылы нәтиже беретін педагогтің тиімді тәжірибесіне назар аударылады.
Бүгінде білім беру ұйымдарының педагогтері кемінде үш жылда бір рет біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Қазіргі уақытта курстық даярлық тәсілдерін жаңарту бойынша педагогтердің біліктілік санаттарына сәйкес деңгейлік білім беру бағдарламалары әзірленуде, – деп атап өтеді министрліктен .
Педагогтердің келесі деңгейлеріне сәйкес оқытудың жаңа әдістемелерін меңгеруі мынадай тақырыптарды қамтиды:
бастауыш (қарапайым) – оқытудың неғұрлым тиімді әдістерін, білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау тетіктерін игеру бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға (педагог-тағылымдамашылар мен педагогтерге бағдарланған);
жалғастырушы (орта) – білім алушылардың білім жетістіктері мониторингінің нәтижелері (ББЖМ) бойынша көрсеткіштері төмен болған білім алушылармен жұмыс істеуге (педагог-модераторға, педагог-сарапшыға бағдарланған);
жетілдірілген (күрделі) – нақты пәнді тереңдетіп оқыту және дарынды білім алушылармен жұмыс әдістерін игеру бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға бағытталған (педагог-сарапшыға, педагог-зерттеушіге және педагог-шеберге бағдарланған).
Білім мазмұнына жауап беретін негізгі органдар – Оқу-ағарту министрлігі мен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы. Ал сол мазмұнды жеткізу оқулық пен оқу бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады.
– Педагогтердің біліктілігін арттыру курстары бағдарламаларының мазмұны "Педагог" кәсіби стандартына сәйкес педагогикалық қызметтің барлық түрлерін іске асыру үшін педагогке қажетті пәндік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік, цифрлық және басқа да құзыреттердің оңтайлы арақатынасын қамтитын болады.
Жергілікті атқарушы органдар педагог кадрларға қажеттілікті ескере отырып, педагогтерді даярлау, жұмысқа орналастыру, біліктілігін арттыру, әдістемелік және әлеуметтік қолдау жөніндегі өңірлік бағдарламаларды әзірлеуде, – делінген министрлік хабарламасында.