Русский Сайттың толық нұсқасы

Күмәнді бейнежазба: Облыс әкімі орынбасарының көмекшісіне конверт кімнен келді?

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2024
  • 1081

Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтың көмекшісі мен Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басшысының орынбасарына қатысты күмәнді бейнежазба тарады,-деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Ол ғимараттың кіреберісіндегі бақылау бейнекамерасына түсіп қалған. Мұнда басшы орынбасарының әкім көмекшісіне конверт берген сәті анық көрінеді. Одан кейін екеуі де сезіктеніп, камера орналасқан тұсқа қарайды. Белгілі құқық қорғаушы Айман Омарова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:

"29-ыншы желтоқсан күні "Ақтөбе" Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басшысының орынбасары Руслан Әжниязов негізгі сыйақыдан бөлек, 10-15 қызметкерге 2-3 айлық жалақы көлемінде, жалпы сомасы 12 миллион теңге сыйақы бөлген. Бұл ақшаны Әжниязов серіктестерімен бірге қайта жинап алып, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Елеуов Ғалымжанға беріп жіберген", - деп жазды.

Бұл жағдайға қатысты "Ақтөбе" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өкілі арнайы түсінік берді. Басшының басқа орынбасары Нарек Гегамянның айтуынша, әріптесі Руслан Әжниязов жұмыс орнында. Дегенмен, қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр.

"Бұл Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының бірінші орынбасары Әжниязов Руслан. Екінші адам видеода көрсетілген ақпарат бойынша облыс әкімі орынбасарының көмекшісі. Айтылған жағдай бойынша тексеріледі. Бүкіл қызметкерлерден түсініктеме алынады. Басқа да жұмыстар жүргізіледі. Қосымша сіздерге хабарланады"- деді Гегамян.

Алайда, Гегамян қызметкерлердің жалақысы мен жыл соңында алған сыйақылары жөнінде ештеңе демеді. Өзінің қанша жалақы алатынын да айтқан жоқ. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы даулы бейнежазбаға Ғалымжан Елеуовтың қатысы бар-жоғын білмейміз деп мәлімдеді. Бірақ, жағдайдың мән-жайы анықталып жатқанын айтты.