Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада Қазақстан алғашқы алтынын олжалады. Тұғырдан шаңғымен секіру спортынан алматылық Илья Мизерных жүзден жүйрік шықты.
Жас спортшыны жеңісімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
Жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада алғаш рет қазақстандық үздік атанды. Илья Мизерныхты жеңісімен құттықтаған Қазақстан Президентінің сәлемін оған еліміздің туризм және спорт министрі жеткізді.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Оның барлық қарсыластарынан озық шыққанын көрген боларсыздар. 50-ге жуық елден келген спортшылардан ол ең алыс ұшты. Үкімет қаулысына сәйкес Ильяға 10 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі. Тағы да атап өткім келеді, бұл біз үшін ерекше медаль. Илья 16-да, бес жасынан шаңғы спортымен айналысады.
Олимпиада чемпионының айтуынша, жетістікке жету үшін өзіңе сеніп, жиі жүгіріп, тамақты талғаммен жеу керек. Мизерных Олимпиададағы жеңісін Қазақстанға арнады.
Илья Мизерных, Олимпиада чемпионы:
- Мен тек тапсырмамды орындап, өз жұмысымды істедім. Біз әлем чемпионатына дайындалдық. Мен одан басқа ештеңе ойламадым. Алғаш Кореяға келгенде үрей болды, бірақ бапкерімнің ақыл-кеңесі арқасында бойымды тез жинап алдым.
Қазақстан құрамасы бапкерлерінің айтуынша, Ильяға шаңғымен секіруден әлем кубогіне қатысқан тәжірибесі мен спортшыларды дайындауға арналған жаңа кешендердің көп көмегі болған.
Қайрат Биекенов, ҚР Олимпиадалық резервін дайындау орталығының аға бапкері:
- Щучье қаласында салынған шаңғы трамплиндері кешені Олимпиадаға дайындық орталығының негізі болып табылады, менің ойымша бұл әлемдегі ең жақсы базалардың бірі, өйткені бұл базада бәрі бар - қонақ үй, жатақхана, жаттығу залдары. Ең бастысы, трамплиннің профилі әртүрлі.
Енді спортшылар 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиадаға дайындалады. Ал осы айда лицензия алуға мүмкіндік беретін турнирлер басталады,-деп хабарлайды 24.kz.