Негізі жердің дүмпу ошағы - Қытай мен Қырғызстан шекарасындағы Үштұрпан уезі. Зілзаланы өзбек халқы да сезінді. Жанын шүберекке түйген тұрғындар баспанасын тастап, бас сауғалауға мәжбүр болған. Көрші елдерде зардап шеккендер бар ма? Әріптесім Сүндет Оралбек Орта Азиядағы жағдайды толығырақ баяндасын.
Қытайда 7,1 балдық жер сілкінісі болды. Эпицентрі - Шыңжан-Ұйғыр автономиялық аймағы. Ошақтың тереңдігі – 22 шақырым. Зілзала Ақсу, Атуш, Қашқар, Іле, Қорла, Қарамай, Үрімші және басқа аудандарда да қатты сезілді. Жер сілкінісінен 6 адам зардап шекті. Екеуінің жағдайы ауыр. Аспан асты елінде таңға дейін 40 афтершок тіркелген. Табиғи апаттан елдің кей аудандарында электр желілері істен шығып, пойыздар тоқтады, 47 үй құлап, 78 баспана зақымданған. Зілзала аумағында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.
Жер асты дүмпуі қырғыз жұртын да дүрліктірді. Ыстықкөл аумағында 7 балдық жер сілкінісі сезілді. Дүмпу Ош, Тоқмоқ, Нарын, Бішкек қалаларында байқалды. Зілзала салдарынан елдің бас қаласында асфальт екіге жарылған, бірнеше көпқабатты үйлердің қасбеті опырылды. Көпшілік үйлерін тастап, көшеде таңды атырды. Дүкен кассалары мен жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрі зілзаланың қаупі жоғары деген ақпардың қауесет екенін айтып, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.
Өзбекстанда да 3-4 балдық жер сілкінісі тіркелді. Дүмпулер Ташкентте, Андижанда және Ферғанада сезілген. Ел астанасында тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттары 30-40 секундқа дейін тербеліп тұрған. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген.