Русский Сайттың толық нұсқасы

Атақты футболшы Пеленің денесі қайта қазылып алынбақ

  • AstanaTV
  • 24 қаңтар 2024
  • 2138

Футболдан әлемнің үш дүркін чемпионы Пеленің денесі бір жылдан соң эксгумациялануы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.

Өзін футболшының некесіз туған қызымын деп таныстырған 60 жастағы Мария до Сокорро Азеведо марқұмның денесін қайта қазып алып, ДНҚ сараптамасын жасатпақ.

Айта кетейік, бразилиялық футболшы 2022 жылдың желтоқсан айында 82 жасында дүниеден озған еді. Пеле Сантостағы биік зиратта жерленген.

Пеле өмірінде үш рет үйленген. Оның алты баласы, бір өгей қызы болған. Пеле өмірден өтер кезде мұрасының 30%-ын жесірі Мария Аокиге өсиет етіп қалдырды. 12%-ын немересіне, 60%-ы балаларына бөлінді.

Мария до Сокорро Азеведоның айтуынша, футболшы өзінің некесіз қызы барын білмеген. Пеле оның анасымен көңіл қосып, көп ұзамай айырылысып кеткен. Ол кезде Марияның анасы жүкті екенін өзі білмеген.

Өзін футболшының қызымын деп жариялаған соң Пеленің екі баласы генетикалық сараптама жасауға келісті. Алайда оның нәтижесі теріс болып шықты. Марияның адвокатының айтуынша, сараптама қорытындысы теріс нәтиже көрсетсе де, туыстық жақындығы барын көрсетті. Мария өз сөзін растау үшін марқұмның денесін қазып алуды талап етіп отыр.

Сонымен қатар Пеленің өсиетінде футболшының теориялық тұрғыдан тағы бір баласы болуы мүмкін екені айтылған. Марияның адвокаты Пеле қайтыс болғанға дейін ДНҚ сараптамасын жасауға келіскенін, бірақ оны тапсырып үлгермей қалғанын айтады.

Бразилиялық БАҚ-тың мәліметінше, Пеле қайтыс болған кезде оның 91 миллион еуродан астам капиталы болған. Егер Мария футболшының қызы екені расталса, ол балаларына берілген 60%-дың бір бөлігін талап ете алады. Алайда Мария мұраға қызықпайтынын жеткізген.

Осы тұста Пеле Аугусто Мильоли әулетінің адвокаты отбасының денені қазып алуға қарсылық білдіріп, Марияның осы уақытқа дейін тапсырған ДНК-сынамаларының барлығы жалған екенін айтты.