Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары бүгін, 2024 жылдың 24 қаңтарында әлеуметтік желілерде өрттің видеолары мен суреттерін таратқан. Өрт аймақта орналасқан қоймада болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Instagram парақшаларының бірінде Ащыбұлақ ауылындағы қоймалар өртеніп жатқанын жазған.
2024 жылғы 24 қаңтарда сағат 6:59-да Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Іле ауданының Первомай өнеркәсіптік аймағында металл конструкцияларынан жасалған 3600 шаршы метр аумақта полиэтилендік тауарларды сақтау қоймасы жанғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына дереу Алматы облысы ТЖД қызметкерлері жіберілді. Өрт орнына ең жақын орналасқан Боралдай кентінің 9-өрт сөндіру бөлімінен арақашықтық - 15 км. Облыс орталығынан арақашықтық - 87 км.
Сағат 7:20-да алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген кезде нысан толығымен отпен оранған. Сонымен қатар, шақырудың жоғары дәрежесі бойынша жақын маңдағы бөлімшелердің күштері мен құралдары шақыру орнына жіберілді. Өрттің үлкен аумаққа таралуының себебі - өрт туралы кеш хабарлау, - делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде өрт туралы ақпаратында.
Қабылданған шаралармен өрт сағат 9:12-де оқшауланды. Жақын маңдағы қоймаға оттың таралуына жол берілмеді. Ең жақын өрт гидранты 500 метр қашықтықта орналасқан. Өртті сөндіру жалғасуда. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің таралу қаупі жоқ.
Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД анықтау бөлімінің және өрт зертханасының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Өрттің алдын - ала себебі - электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 37 қызметкері мен 14 техникасы және Алматы қаласы ТЖД 22 қызметкері мен 4 техникасы жұмылдырылды.