"Еті - сенікі, сүйегі - менікі". Бұрын баланы ұстазға осылай сеніп тапсыратын. Ал қазір біреу басынан түртіп қалса арызын арқалап, айқайға басады. Дәл сол ата-аналар перзентін қалай тәрбиелеуде? Еркелетіп, еркін өсіріп жатыр ма? Таяқпен шындалғандар шын мәнінде жасқаншақ бола ма? Тілшіміз тәрбиенің түрлі тәсілін қолданатын ата-аналармен тілдесті.
Бала жетіге келгенше жерден таяқ жейді. Екі жыл бұрын ана атанған Мадина Мурсалиева бұған түпкілікті қарсы. Кішкентайын бір сәтке де көзден таса қалдырмайды.
Мадина МУРСАЛИМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қазіргі күнде баланы ұрып ұрысып тәрбиелеу дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі қазіргі күннің балалары бұрынғыдай емес. Өмірде ата-анасы әр уақытта қолдау көрсетіп, жылы сөздер айтып, мақтап өсірген дұрыс деп ойлаймын.
Көпбалалы ана Жәмилә Наурызбаеваның ұстанымы керісінше. Қаталдық танытсаң қанаттары қатаяды дейді.
Жәмилә НАУРЫЗБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мектепте мұғалімдер ұрысуға болмайды. Ал үйде ата-аналар ұрысуға болмайды деген қағиданы жаттап алған. Сондықтан олар әлсіздеу болып өсіп жатыр. Өзіміз кезінде таяқты да жедік ұрысты да естідік, содан кем болғанымыз шамалы болып тұр.
Өгізге туған күн бұзауға да туады. Бірақ таяқпен тәрбиелегендердің көбісі қазір баласын ұрмайды.
Блиц-САУАЛНАМА:
- Өз уақытымызда өзіміз баланы ұрып та алдық. Тәрбиеледік те. Енді бала болған соң ұрмасқа болмайды ғой.
- Шрам болып қалады ғой. Есіне сақтап қалады да одан да түсіндіріп айтқан дұрыс секілді.
Психологтар құр сөзбен қуырдақ қуырылмайды дейді. Балаға не үшін өмір сүру қажеттігін ұқтырғанды дұрыс деп есептейді.
Сейілбек МЫРЗАТАЙ, ПСИХОЛОГ:
Балаға не үшін тәрбие беруіміз керек, не үшін оларды оқытуымыз керек жалпы не үшін деген сұрақтың жауабын тапқан кезде, қалай тәрбиеленеді, оны адамның өзі ақ жолын тауып кете береді.
Әлемнің 50 елінде заң жүзінде ата-аналардың баласына қол көтеруіне тыйым салынған. Жұдырықпен жөнге салғандар елімізде әкімшілік және қылмыстық кодекстер бойынша жауапқа тартылады. Былтыр бас қалада 9 адам ата-ана құқығынан айырылды.