Русский Сайттың толық нұсқасы

Енді вейп сатқандар 5 жылға сотталуы мүмкін

Қазақстанға вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салынады. Мәжіліс тиісті заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Енді электронды темекілерді әкеліп, өндіріп, тіпті сатып таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни, 50 тәуліктен 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазіргі кезге дейін вейптердің таралуы бейресми ақпарат бойынша 200 есеге өскен. Оларды қазір қаптап, барахолкада, болмаса кез-келген дүкеннен балалар сатып алу мүмкіндігі қолына ие. Сонымен қатар жуырда "балалар фонды" атты қоғамдық ұйымның кішігірім әлеуметтік зерттеуі бойынша алматылық балалардың 80 пайызы, астаналық балалардың 83 пайызы осы вейпті қолданады деген ақпарат шығып жатыр. Бұл өте қауіпті үрдіс. Біз оған тоқтау салуымыз керек.

Депутаттар елімізде кальянды да қолдануға тыйым салатын заң жобасын әзірлеуді ұсынып отыр. Олар денсаулық сақтау министрлігі кальянның құрамына сараптама жүргізуі керек деп санайды. Себебі, оған гашишь те, арақ та, коньяк та қосылуы әбден мүмкін.

Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазір арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып қорқорлататын жағдайға жетті. Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым бар. Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген заңды бұзуға болады деген сөз емес қой.