Русский Сайттың толық нұсқасы

Ескі көліктерді жою бағдарламасына сұраныс артып отыр

  • AstanaTV
  • 28 желтоқсан 2016
  • 2786

Елімізде ескі көліктерді жою бағдарламасына сұраныс артып отыр. Бастапқыда тың жобаға күмәнмен қараған жүргізушілер, бағдарламаның аяқталар шағында темір тұлпарларын тапсыруға асықты. Қарашаның 21-нен желтоқсанның 30-на дейін жалғасатын пилоттық жоба аясында 10 мың квота бөлінген. Бүгінде ел бойынша оның жартысына жуығы игерілген. Квоталардың азаюына байланысты көлік қабылдау кей өңірлерде тоқтатылып жатыр. Жағдайды тілшіміз саралап көрді.

Ескіні жөндеп есі кеткен қызылжарлықтар көліктерінен құтылып әуре. Көлікті жоюмен айналысатын «Оператор РОП» компаниясы күніне 10-15 көлік қабылдайды. Алайда, ынта білдірушілер одан да көп көрінеді. Квотаның бітуіне байланысты кәсіпорын өкілдері қосымша темір тұлпарларды қабылдауға қауқарсыз екендіктерін айтады.

Оразтай Абдрахманов, «Оператор РОП» ЖШС СҚО бойынша өкілі:

Біз бүгінде 250 көлікті қабылдадық. Өкінішке қарай, бұл бағдарламаға барлығы бірдей өтпей қалды. Біз кез келген көліктерді қабылдап жатырмыз. Егер оның қосалқы бөлшектері толық болса, онда көлік иесіне 150 мың теңге беріледі. Ал әбден тозған көлікті 48 мың теңгеден қабылдап жатырмыз.

Ескі көліктерді тапсыру бойынша шымкенттіктер белсенді. Бүгінде олар 700-ден астам көлікті өткізіп үлгерген. Қабылдау бекетінде ине шаншар орын қалмапты. Бекеттегілер күніне отыз-қырық көлік қабылдап жатқандарын айтты. Тозығы жеткен көліктердің дені кеңес заманында шығарылған. Тіпті 1959 жылғы темір тұлпарлар да кездеседі.

Дінмұхаммед Әбдіраманов, «Оператор РОП» ЖШС ОҚО бойынша өкілі:

Бізде үш күн мерзім бар. Бірақ квота бойынша қалған 350 көлікті қабылдап үлгеру физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Бір көлікке  кем дегенде 40 минут уақыт жұмсалады.

Ал Ақтөбеде ескі көліктерді қабылдау орнына тапсырғандар саны облысқа бөлінген квотадан асып кетті. Бүгінгі күнге дейін 400-ден аса адам тозығы жеткен автокөліктерін өткізген. Тұрғындар негізінен «Москвич» пен «Жигули» сынды модельдерден құтылып жатыр. Ал, шетелдік көліктер жоқтың қасы.

Зада Қасенова, ӨКМ операторының пиар-менеджері:

Бір машинаны ғана 48 мыңға тапсырды осы уақыт бойынша, қалғаны 150 мыңнан өтіп жатыр. Көп звонок түсіп жатыр. Сұраушылар көп, келесі жылға жазып қойыңызшы деген адамдар өте көп. Квота берілгені дұрыс деп ойлаймын. Оны енді үкімет шешеді ғой, қалай берілетінін. Бірақ негізінен, келіп жатқандар, звондап жатқандар көп.

Жалпы, еліміз бойынша Энергетика министрлігі 10 мың квота бөлді. 27-інші желтоқсанның қорытындысы бойынша, үш өңір көш бастап тұр. Шымкент тұрғындары 661, қостанайлықтар 627, ал, Ақтөбе тұрғындары 415 көлік тапсырып үлгерген.

Абзал Құрманкин, тілші:

Сөйтіп, шаң басып тұрған көліктерден құтылуды мақсат қылған билік өкілдері пилоттық жобаның арқасында халықтың тарапынан сұраныстың үлкен екеніне көз жеткізген көрінеді. Бастапқы бағдарламаға ілікпей қалған жүргізушілерге құлаққағыс. Сыннан өткен бағдарлама бекітіліп, қаңтардың 16-нан бастап толықтай іске қосылмақ.