Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жер сілкінісі кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет жасай алмады», - Президент

Алматыда болған жер сілкінісі кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет жасай алмады. Дабыл қосылмады, тіпті қарапайым SMS-хабарламаның өзі тым кеш келді. Салдарынан қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Оған бөлінген қыруар қаржы қайда? Алматыға жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы жауаптыларға тура 1 ай уақыт берді. Осы мезгіл аралығында ақшаның қайда жұмсалғанын анықтауы керек. Президент сапарында тағы не талқыланды? Әріптесім тарқатады.

ПРЕЗИДЕНТ ЖАС ФУТБОЛШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізбестен бұрын қаладағы бірнеше нысанға барды. Алдымен Footlab футбол орталығының қызметімен танысты. Мұнда қазір 8 бапкер 50 баланы жаттықтырады. Олардың санын мыңға жеткізу жоспарда бар. Бұл орталық Португалияның франшизасын алған. Негізі «Footlab» әлемнің 60-тан астам еліне сатылған. Жобаға 1,5 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция салынған.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жер керек. Осындай футбол орталысыған Астанада салсақ жақсы болар еді. Футбольный лаборатория өте жақсы. Дүниежүзінде Лиссабонда, Дубайда, Алматыда бар. Енді Астанада салу керек.

117 ШАҚЫРЫМ СУ ЖЕЛІСІ САЛЫНДЫ

Мемлекет басшысы осыдан кейін Алматы қаласындағы сумен қамту нысандарының құрылысымен танысты. Былтыр қалада 117 шақырым желі салынып, 46 километр су құбырын жаңғырту жұмысы жүргізілген. Бұл тұрғындардың 99 процентін тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Биыл тағы 48-і жөндеуден өтеді. Шаһарда жолға қатысты да мәселе шешіліп келеді. 70 көшеге 25 шақырым жаңа жол салынған.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елімізде су тапшылығы бар. Бізге жалпы мемлекеттік бағдарлама қажет. Бау-бақшаны суару үшін ауызсуды пайдалануға болмайды. Оның орнына су үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізіп, жер астынан жаңа су көздерін іздеу қажет. Алматының тұрғындары ауызсудың тапшылығына жиі шағымданады. Сондықтан кешенді, жүйелі жұмыс жүргізілуі керек.

ҚЫРУАР ҚАРЖЫ ҚАЙДА?

Осыдан кейін Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Естеріңізде болса, апат кезінде дабыл қосылмады. Президент бұл дұрыс шешім болды, - дейді. Өйткені, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ бұл «халықты ақпаратсыз қалдыру керек» деген сөз емес. Қатты жер сілкінісі кезінде адамдарды зілзаланың физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызықтырмайды. Олар табиғат апатының қаншалықты жойқын екенін онсыз да сезінді. Мұндай сәтте, ең бастысы, тұрғындарға әрі қарай қалай не істеу керек екенін түсіндірген абзал.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Азаматтар «Үйге оралуға бола ма?», «Қайдан көмек алуға болады?» деген сауалдарға жауап алуы керек. Сондықтан құлақтандыру жүйесін қайта қарап, оны барынша нақты қажеттілікке бейімдеу қажет. Техникалық құралдар ақпараттың әр адамға уақытылы жетуін қамтамасыз етуге тиіс.

Сейсмикалық бақылауды «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығына» қарасты Алматы, Шымкент қалаларындағы және 12 облыстағы 70 сейсмологиялық станция жүргізеді. Бұл – өте аз. Мамандар ел бойынша 285 сейсмологиялық станция орнату қажет, -деді Президент .

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жойқын жер сілкінісі кезінде мемлекеттік материалдық резервтің болуы және оның қолжетімділігі айрықша маңызды. Көлік байланысын жедел қалпына келтіру және медициналық көмек ұйымдастыру мүмкіндігі де шешуші рөл атқарады. Әкімдер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, барлық елді мекеннің осыған қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын екеніне көз жеткізуге тиіс.

Негізі қалада жойқын жер сілкінісі болатыны туралы автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесі бар. Құжатта жұмыс істейтіні туралы анық жазылған. Бұған бөлінген қомақты қаражат та игерілген. Бірақ нәтижесі жоқ. Президент жауаптыларға бір ай уақыт берді. Енді Бас прокуратура Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірігіп қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауы тиіс.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сейсмологиялық мониторинг пен жер сілкінісін болжау жүйесін түбегейлі жетілдіру қажет. Азаматтар алғашқы дүмпуге дейін бірнеше секунд бұрын Google сервисі ескерту жасағанын айтып жатыр. Біздің жүйелер бұлай істей алмады. Біз елімізде «смарт-қалалар» құруға ниеттіміз. Оларды басқару жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктерге негізделуі керек.

Мемлекет басшысы Сырым Шәріпхановты сынға алды. Оның жұмысының нәтижесіз екенін айтып, ескерту жасады. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет деді. Сондай-ақ, ғимараттар мен нысандардың сейсмикалық орнықтылығын күшейту қажет екенін атап өтті. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені зерделеп, тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Алматы қаласының тұрғындарына үндеу жасады. Халықты сабырға шақырды.