Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысында 38 киіктің өлексесі табылды

  • AstanaTV
  • 29 қаңтар 2024
  • 909

Оқиға Махамбет ауданының Таңдай ауылдық округіне қарасты Қалмақты ауылының маңында орын алған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық мәслихат депутаты Бақыт Қаметов Facebook желісінде жаға ұстатар бейнежазба жариялады. Барлығы 38 бас киік өлексесі табылып, кейіннен халық қалаулысы жариялаған факт бойынша материалдар 2024 жылғы 26 қаңтарда Махамбет аудандық ІІБ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабының 2-бөлігімен тіркелді. Бұл туралы еліміздің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті. Тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу амалдарының нәтижелері туралы қосымша хабарланады.

Аймақ аумағында киік санын реттеу шаралары киіктерді және оның дериваттарын реттеу механизмі бойынша бекітілген алгоритмге (бұдан әрі – Алгоритм) сәйкес 2024 жылғы 16 қаңтарда басталды. Киіктердің санын реттеу «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларының тікелей қатысуымен жүзеге асырылады.

Бекітілген Алгоритмге сәйкес реттеу нәтижесінде алынған киік ұшалары міндетті түрде асқазан-ішек жолын алып тастап, ішкі мүшелері, басы және терісімен ветеринарлық бақылау үшін ет комбинаттарына жіберіледі, мал дәрігерлері ұшаларды қарап байқаған соң ветеринариялық анықтама береді.

Киік мүйіздері белгіленген талаптарды сақтай отырып, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК дериваттарға есеп жүргізетін жауапты қызметкерінің және аумақтық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі инспекцияларының мемлекеттік инспекторларының бақылауымен бөлінеді және кейіннен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК сақтауға жіберу үшін міндетті түрде таңбалауға жатады.