Русский Сайттың толық нұсқасы

"Етпетінен жатып ұйықтау қауіпті". Дәрігер себебін атады

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2024
  • 1586

Көп адам ұйықтар алдын өзіне ыңғайлы қалыпта жатпаса, көз іле алмайды. Қазір екінің бірі етпетінен жатып ұйықтағанды ұнатады. Бірақ оның зиянды тұстарынан хабарсыз болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Дәрігер-терапевт Галина Аксенова aif.ru басылымына берген сұхбатында етпетінен жатып ұйықтау физиологиялық тұрғыда дұрыс емес екенін айтты. Себебі бас ұзақ уақыт бойы сол немесе оң жаққа бұрылып тұрады. Салдарынан миға баратын қантамырлар қысылып қалуы ықтимал.

Аксенованың сөзінше, етпетінен жатып ұйықтаған адамның таңертең бет-аузы үнемі ісініп тұрады. Сонымен қатар көзішілік қысым көтеріліп, көзге шамадан күш түсіп, бас ауруын туындатуы мүмкін. Бас ауруы - ми қанайналымы толыққанды жүрмегендіктен ғана емес, оттегімен жеткілікті мөлшерде қанықпағандықтан да пайда болады.

Адам етпетінен жатып ұйықтағанда оның мойын және бел бұлшықеттері тым күштеніп кетіп, онда сүт қышқылы жиналып, ауырсындырады. Сөйтіп жатысын дұрыстамайынша, ауырсыну сезімі басылмайды.

Маман айтып өткендей, бұл әдеттен құтылу үшін алдымен біраз уақыт өзіңізге ыңғайлы қалыпта жатып, кейін бір қырына ауысуы керек. Сосын шалқасынан, оң немесе сол қырымен жатуға әдеттену керек.

Егер адам тек етпетінен ғана ұйықтай алса, онда аяқтарының арасына жастықты қысып немесе жастықты құшақтап жатқаны дұрыс. Бұл етпетінен ұйықтаудың зиянды тұстарын сәл де болсын азайтады.