Русский Сайттың толық нұсқасы

Toyota қауіпсіздік жастығы жарылып кетуі мүмкін 50 мың қауіпті көлік бар екенін ескертті

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2024
  • 1113

Toyota компаниясы көлік иелерін дереу 50 мың көлікті айдаудан бас тартуды сұрады. Әңгіме ескі Toyota Corolla және RAV4 машиналары туралы болып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

CBS News хабарлауынша, жапониялық Toyota концерні 50 мың автокөлік иесіне ресми ескерту жасады. Көлік жүргізушілерге көлік айдауды дереу тоқтатып, қауіпсіздік жастығы мәселесін шешу керегін айтты. Компания техникалық ақауды жою үшін көліктерді қайтаратынын мәлім етті.

2003-2004 жылдардағы Toyota Corolla, 2003-2004 жылдардағы Corolla Matrix және 2004-2005 жылдардағы RAV4 көліктерінің қауіпсіздік жастықтығында үлкен мәселе бар екені анықталды. Компанияның бағалауы бойынша, әлемде 20 жыл бұрын шыққан көлікті он мыңдаған жүргізуші айдап жүр. Бұл көліктерде қауіпсіздік жастығының жұмыс істеу мерзімі аяқталды. Жастықтар кез келген уақытта жарылып, жүргізуші мен жолаушыға үлкен зиян келтіруі мүмкін.

"Біз мерзімі өткен бөліктерін тегін ауыстырып бермейінше, жүргізушілер бұл көліктерді айдамағаны абзал", делінген компания мәлімдемесінде.

Осы үлгідегі көлігі бар жүргізушілерге ескірген қауіпсіздік жастығын жедел ауыстыру үшін жергілікті Toyota дилерімен байланысу ұсынылды.

Бір ай бұрын Toyota қауіпсіздік жастығы проблемасына байланысты Құрама Штаттардың өзінде миллионға жуық автокөлікті қайтарды.

2009 жылдан бері Toyota көліктеріндегі қауіпсіздік жастығы ақауына байланысты АҚШ-та 26 адам және басқа елдерде 30 адам қаза тапты. 400-ге жуық тұрғын жарақат алды.