Австралияда акула адамдарға шабуыл жасады. Зардап шеккендер бар. Былтыр бұл елде жыртқыш балық 12 адамды қан жоса етіп талағаны есімізде. Үш адам қаза тапқан еді. Ал Колумбияның Богота қаласында 130 улы бақаны заңсыз шетел асырмақ болған күдікті ұсталды. Шартараптың осы және өзге де ақпараттарын әріптесім Сүндет Оралбек шолып шықты.
Акула адамдарға шабуыл жасады. Салдарынан 29 жастағы әйел ауыр жарақат алды. Оқиға Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында болған. Жыртқыш балық нәзік жандының аяғынан тістеген. Көп қан жоғалтқан жәбірленушіні санавиацияның көмегімен ауруханаға жеткізген. Оcы жайттан кейін жауаптылар жағажайларды жауып, демалушыларға суға түсуге тыйым салды.
Эми СМУЗИ, АКУЛАЛАР БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ ӨНЕРКӘСІП ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Бұл акулалар жаз және күз айларында температура шамамен 22-23 градус болған кезде жағажайға жиі келеді. Бірақ арты қайғылы оқиғаға ұласып жатады. Өкінішке қарай жыртқыштар қыста да келіп жатыр.
Колумбияның Богота қаласында Бразилия азаматы 130 улы дартс бақасын өз еліне заңсыз алып өтпек болған. Бұл қосмекенділер қара нарықта 200 мың доллар тұрады. Улы жәндіктерді заңсыз сақтағаны үшін оған 14000 доллар айыппұл салынуы мүмкін. Мамандар улы жануарларға айтарлықтай зақым келген дейді.
Адриана СОТО, КОЛУМБИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Күдікті Панама арқылы Сан-Паулуға бара жатқан. Қосмекенділер судың жетіспеуі салдарынан біраз әлсізденіп қалған. Бұл бақалар Наринодан шыққан. Бразилия азаматы бақаларды жергілікті қауымдастықтан алғанын айтты.
Техас штатының Брайан қаласында құс фабрикасы отқа оранды. Екі ғимарат толығымен жанып кетті. Қызыл жалынды ауыздықтауға бірнеше өрт сөндіру бөлімшелері кірісті. Тіпті жақын маңдағы округтерден төтеншеліктер көмекке келген. Бірақ мамандар жағдайдың қиын екенін айтады. Фабрика толығымен жанып кетуі де мүмкін. Әзірге өрттің неден тұтанғаны белгісіз. Зардап шеккендер жоқ.